Маңғыстау облысындағы Бейнеу астық терминалы іске қосылды

Бейнеу ауданындағы астық терминалы ұзақ үзілістен кейін қайта жанданды. 2018 жылдан бері жұмысы тұралап қалған кәсіпорын бүгін алғашқы өнімін шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда терминалға 10 вагон, яғни 700 тонна бидай келді. Астықтың 75 пайызынан ұн шықса, 25 пайызынан кебек өндіріледі.

Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев және аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш алғашқылардың бірі болып ұн шығару жұмысымен танысып, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадыр Сарсен игі істің бастауына батасын берді.

Бүгін тарихи сәт. Көптен жұмысы тоқтап тұрған астық терминалы іске қосылды. Осы істің басы-қасында жүріп, үлкен жұмыс атқарған азаматтарға, кәсіпорын мамандарына алғыс айтамыз. Енді зауытымыз тоқтамай, Қазақстанда жасалған брендімен "Бейнеу ұны" әлемге танылады деген үміттеміз, - деді аудан әкімі Рахымжан Шалбаев.

"Еуразия Транс Логистик" ЖШС "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, астық терминалының қайта іске қосылуын қамтамасыз етті.

Бейнеу астық терминалы Маңғыстау облысында орналасқан стратегиялық маңызды нысан. Оның жалпы ауданы 26 гектарды құрайды және Қазақстан-Түрікменстан шекарасына тікелей шығуға мүмкіндік беретін 8 шақырымдық теміржолмен өзінің жылжымалы құрамы бар перспективалы логистикалық хаб саналады.

Терминалдың қуаттылығы бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беріп, тәулігіне 320 тонна ұн мен 80 тонна кебек өндіре алады. Ал, жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіштер сәйкесінше 400 тонна ұн және 240 тонна құрама жем беруге дейін ұлғайтылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы