Маңғыстау облысында мектептерге шабуыл жасалғаны рас па?
Мессенджерлерде тараған «мектептерге қарулы шабуыл жоспарланып жатыр» деген хабарламалар шындыққа жанаспайды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция тексеріс жүргізіп, барлық оқу орындарының қауіпсіз екенін растады.
Бүгін, 10 қараша күні, барлық мектептерде сабақ әдеттегі режимде өтеді. Мектептерді тағы да қосымша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Жағдай қатаң бақылауда, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық Полиция департаментінен.
Облыстық ПД мәліметінше, интернет желісінде шындыққа жанаспайтын, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттардың таралуы – жиі кездесетін жағдай. Мұндай хабарламалар көп жағдайда фейк болып табылады және қоғамда үрей мен дүрбелең туғызуды мақсат етеді.
Қазіргі таңда оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірілгені анықталмағанына қарамастан, полиция әрбір осындай хабарламаны мұқият тексеріп, барлық өтініштерді жедел түрде қарап жатыр, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
Көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Азаматтардан расталмаған хабарламаларды таратудан бас тартуға және негізсіз үрейге бой алдырмауға шақырамыз, - деп ескерту жасады Маңғыстау облыстық Полиция департаментінен.