20 Қыркүйек 2026, 17:55 Фото: Маңғыстау облыстық ПД

Маңғыстау облысында көліктен киікке ұқсас жануардың өлексесі табылды

Сирек кездесетін жануармен заңсыз әрекет ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser көлігінің жүксалғышынан сыртқы түрі киікке ұқсайтын жануардың өлексесін анықтады.

Киікті заңсыз тасымалдау мүмкіндігі туралы ақпарат полицияға 18 қыркүйекте жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында түскен.

Қылмыстық іс аясында Боранқұл ауылында Toyota Land Cruiser көлігі тексерілген. Құқық қорғау органдары көліктің жүксалғышынан жануардың өлексесін тапқан.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы – сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар және пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен заңсыз жұмыс істеу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысының полиция департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз аулау, сатып алу, сақтау және олармен заңсыз айналысу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.