Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты – Цой
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Премьер-министр Асқар Мамин бастаған үкіметтік делегация құрамымен Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал соңғы 6 күнде тұрақты, 2020 жылдың 31 қазанынан бастап COVID-19 жаңа жағдайлары тіркелген жоқ. Өткен айдағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында облыс «жасыл» аймақта, - деп атап өтті Алексей Цой.
Алайда коронавирус инфекциясының бірінші толқынында жабық топтарда инфекция ошақтары алаңдаушылық туғызды. Наурыз айынан бері «Маңғыстаумұнайгаз» - 64 адам, «Қаражанбасмұнай Газ» АҚ - 396 адам, «Buzachi Operating LTD» - 92 адам инфекция жұқтырған. Осыған байланысты Цой вирустың таралуын бақылауға алуды және барлық қажетті эпидемияға қарсы шараларды өткізуді тапсырды.
Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрі 200 төсек орынға лайықталған жаңа модульді инфекциялық аурухананың жұмысымен танысты, оның 20-сы реанимациялық төсек. Нысанның басты ерекшелігі - ауа реттегіштігінде, яғни ауаны тазалап отыратын арнайы қондырғылармен қамтылған.
Негізгі медициналық блокта келіп түскен науқастарды шұғыл тексеруге арналған зертхана және толыққанды ПТР зертханасы, рентген кабинеті, томография және өкпенің жағдайын бағалауға арналған КТ аппараты орналасқан. КТ және рентген бөлмелеріндегі қабырғалар мен төбелер персонал мен пациенттерді радиациядан қорғау үшін қорғасын плиталарымен қапталған. Сонымен қатар, ауруханада вирус жұқтырмас үшін арнайы 10 бөлім қарастырылған. Сонымен бірге, медициналық ұйымға кіре берісте және шығу кезінде автокөлік құралдарына, оның ішінде жеке құрам мен жедел жәрдем машиналарына арналған дезинфекциялық құрылғылар қойылған. Бұл зертханаларда қауіпсіздікті барынша сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, аурухана барлық инфекциялармен жұмыс істей алады, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жамал Жаманбаева.Бұдан әрі министр дәрігерлерге санитарлық көліктің кілттерін тапсырды, олардың қол жетімділігі қазір облыста 100%-ға жетіп отыр. Ал жылжымалы ПТР зертханасымен қамтамасыз ету жоғары деңгейде.
Маңғыстау облысында коронавирусты анықтау үшін 6 ПТР тестін өткізетін зертхана бар. Бүгінгі күні облыста 105 693 ПТР-тесті жасалған. Талдау орталықтары күніне 4 300 тест ала алады, қазіргі уақытта 1300-ден астам ПТР-сынақ жүргізілуде, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар, Алексей Цой онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратында болып, құрылыс-монтаж, байланыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көріп, палаталарды аралап, науқастармен әңгімелесті. Бүгінгі күні диспансерде 4300 адам есепте тұр, жыл басынан бері 550-ден астам науқас анықталды. Содан кейін министр №1 Ақтау қалалық емханасының басшылығымен және дәрігерлерімен сөйлесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Жұмыс сапарының соңында облыстың медициналық активімен кездесу өткізілді, онда коронавирустың екінші толқынына дайындық мәселелері көтерілді.