Маңғыстау облысында екі ПТР зертхана ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазан айының соңына дейін Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылында ПТР зертхана ашылуы керек. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева мәлім етті.

Қазіргі уақытта біздің облысымызда ПТР-тестілеумен айналысатын 5 зертхана бар. Бірі мемлекеттік, қалғаны жеке меншікте. Барлығы қоса алғанда, бұл зертханалар бір тәулікте 3700 ПТР-зерттеу жүргізуге қауқарлы» - дейді Ләззат Есенғалиева.

19 қазандағы жағдай бойынша 3372 адамға коронавирус инфекциясына жүргізілген ПТР-тестілер оң нәтиже көрсетті. Оның 3282-сі аурудан жазылып тұрды. 72 науқас қайтыс болды. Бүгінде инфекциялық стационарларда 54 адам ем қабылдап жатыр. Оның екеуінен ПТР-тестілеу қорытындысы оң нәтиже берді. Олардың бірі перзентханада жатқан жүкті әйел, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жатқызылған сәби.

Пандемияның болуы мүмкін делінген келесі толқынына дайындық аясында аймақ әкімінің мақұлданған іс-шаралар жоспары түзілді. Оған сәйкес белгіленген жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінде аймақ бойынша 215 инфекциялық төсек-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек тағы 11 стационар мен 1835 кереует қолданысқа әзір. Барлық техника, мүлікпен қамтылған бұл орында резервте тұр.

Сондай-ақ тағы бір инфекциялық аурухананың қолданысқа дайындығы 95 процент деп бағалануда. Бұл стационардың ашылуы 25 қазанға жоспарланған. Ғимаратқа КТ, УЗИ, рентген құралдары қойылған. Бұдан өзге биылғы жылдың соңына дейін 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады деп күтіліп отыр. Коронавирустың болжамды келесі толқынын қайтаруға 2700 медициналық қызметші дайындықтан өткізілді. Олардың тізімі бекітілген. Әр апта сайын басқа аймақтардағы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамымен онлайн-сабақтар өткізілді, - деді өңірдің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Бұған дейін Қарағанды мецининалық университетінің профессорлық-оқытушылар тобы аймаққа келіп кеткені мәлім. Олар КВИ-ге қатысты емдеу протоколдарын түзуге белсене атсалысты. Сәйкесінше, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында дәрігерлер үшін біліктілік арттыру семинарлары өткізілді.

Спикердің сөзінше, індеттің ендігі толқынына тосқауыл қою мақсатында Маңғыстау өңіріне 18 қазан күні екі жылжымалы медициналық кешен жеткізілген. Олар шалғай елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Тағы 20 реанимобиль көлігін бөлу жұмыстары әлі де болса жалғасып жатыр. Бұл машиналар жақын күндері Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарына жіберіледі.

Қоймаларда бірреттік және көп рет қолданылатын медкостюмдер, қолғаптар, бетперделер, медхалаттар мен көзілдіріктер секілді жеке қорғаныс құралдарының 2 айға жететін қоры құрылды. бар. Сонымен қатар, 3 млн бетперде сатылып алынды. Жағдай қиындаған кезде олар жергілікті дәріханаларға жеткізіледі.

Айта кетейік, КВИ-дің келесі толқынына әзірлік аясында 70 мың адам тұмауға қарсы екпе алады деп жоспарланған. Бүгінде 90 процентіне екпе салынды. Олардың басым көпшілігін жүкті әйелдер, жиі ауыратын тұлғалар мен есепте тұрған азаматтар құрайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы