Маңғыстау облысында бекіре уылдырығы өндіріле бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан «Kazakh osseter» зауыты «Қара» уылдырықтың алғашқы партиясын шығарды.

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Ғылыми-өндірістік кәсіпорын 7 жылдан бері жұмыс істейді. Ондағы мамандар Каспий теңізіндегі жойылуға шақ қалған бекіре балығының 6 түрін арнайы су бассейндерінде өсіріп, бекіре өндіруге дайындаған.

«Kazakh osseter» зауытының басшысы Тұрсынгүл Жақыпованың айтуынша, балық өсіру және одан уылдырық алу ісіне «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» білікті қызметкерлері көмектескен.

Балық шаруашылығы ерекше күтімді, шыдамдылықты талап етеді. Мәселен, балықтан уылдырық алу үшін 2,5 ай бұрын +2 немесе +1 температурадағы қыстау жасақтадық. Содан соң білікті мамандарды шақыртып, балықтарды ультрадыбыстық зерттеуден өткізгенбіз. Тәулігіне толғақ шақыртатын Мәскеуден арнайы әкелінген 2 екпе салдырдық. Нәтижесінде бекіреден уылдырық алып отырмыз. Оны мамандар сүзгіден өткізіп, тазартты. Сондай-ақ, +72 градуста қайнатылған ыдыстарға уылдырықты салып, оны арнайы технологиямен консервілеп дайындады, - деді «Kazakh osseter» зауытының басшысы Тұрсынгүл Жақыпова.

Бекіре уылдырығы «Kazakh osseter» зауытының Ақтаудағы дүкендеріне сатылымға шығарылды. Алдағы уақытта тапсырысқа байланысты еліміздің өзге өңірлеріне жөнелту жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы