Бүгiн 2026, 05:10 Фото: pixabay

Маңғыстау облысында алимент бойынша миллиондаған теңге өндіріп алынды

Өңірде борышкерлермен жұмыс күшейтілді.

Маңғыстау облысында алимент төлемейтіндерге қарсы күрес күшейтіліп жатыр – 2026 жылдың үш айында жүзден астам борышкер жауапкершілікке тартылды. Бұл – балалардың құқығын қорғауға және олардың қаржылық қамтамасыз етілуіне бағытталған жүйелі жұмыс, деп хабарлайды BAQ.KZ Маңғыстау облысы прокуратурасына сілтеме жасап.

Қадағалау органдарының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында өз міндеттемелерін әдейі орындамаған 104 адам жауапқа тартылған.

Олардың 22-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылса, тағы 82-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Барлық жағдай бойынша сот шешімдері шығарылған.

Бұзушылардың арасында ұзақ уақыт бойы әдейі алимент төлеуден жалтарғандар бар. Кейбіреулері ресми түрде жұмысқа орналаспай, нақты табысы мен жұмыс орнын жасырып, балалар алдындағы міндетін орындаудан қашқан. Қабылданған шаралардың нәтижесінде прокуратура органдары нақты өндіріп алуға қол жеткізді. Өндірілген алименттің жалпы сомасы 53 млн теңгені құрады, – деп хабарлады өңір прокуратурасы.

Осының арқасында 366 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалып, тиісті қаржы төленді.