Маңғыстау облысында 223 сайлау учаскесі ашылды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында осы өңірдегі сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлімдеді. 

Оның сөзінше, қазіргі таңда облыс бойынша сегіз аймақтық сайлау комиссиясы құрылған. Оларға 390 мыңнан астам сайлаушы тіркеліп отыр. 

«Маңғыстау облысында бүгінде 223 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 25 мамырдан бастап әрбір сайлаушы өзіне жақын сайлау учаскесіне барып, тізімге енген немесе енбегені туралы ақпарат ала алады. 9 маусым күні әртүрлі себептермен тұрғылықты жерінде болмайтын азаматтар есептен шығару куәлігін алуы қажет. Осы куәлікпен олар жүрген жерінде тіркеліп, қалаған кандидатқа дауыс бере алады» - дейді Асқар Киікбайұлы. 

Мұнайлы өңірде вахталық әдісте қызмет атқаратын сала мамандарының сайлауға қатысулары үшін тізім жасақталып, әр кенорында бес сайлау учаскелері ашылған. 

Сондай-ақ осы облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық сайлау учаскелерінде арнайы жағдай жасалған. Атап айтсақ, есту қабілеті төмен адамдарға арнайы құлаққаптар, көзі көрмейтін топқа жататын тұрғындар үшін трафарет құралдары орнатылған.
Бұл тұрғыдан толықтыра түсейік, түрлі ерекшеліктерге орай арнайы жасақталған сайлау учаскелерінде сегіз мыңға тарта сайлаушы дауыс береді деп күтілуде. 

«Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері күні бүгінге дейін өңірге қарайтын бес аудан мен үш қаланы аралап келді. Алдағы сайлауға тыңғылықты дайындық жүргізіліп, әрбір іс-шара пысықталуда. Бұдан бөлек, біздің өңірге ұзақ мерзімге халықаралық деңгейдегі бақылаушылар келді. Оның бірі Америка Құрама Штаттарының азаматы болса, тағы бірі Ресей Федерациясынан келіп, тиісті жұмыстарды атқаруда. Әрине, сайлау күні жақындаған сайын бақылаушылар тізімінің өсетіні мәлім» - дейді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Исахан Сағынбаев. 


Биылғы жылдың 9 маусымына бекітілген ел президентінің кезектен тыс сайлауы алдында бір облыстық, екі қалалық және бес аудандық сайлау комиссиялары жүйелі түрде өз жұмыстарына кірісті. 

Президентікке кандидаттарды тіркеу, олардың сенімді өкілдерін тағайындап, куәліктерін беру. Сонымен бірге, сайлаушыларды тіркеу шараларының заң талаптары бойынша белгіленген кезеңде өтуі басты назарда ұсталады. 

Әзірге белгілісі, барлық үміткерлердің Маңғыстау облысында штаттары ашылып, сенімді өкілдері тіркеуден өткен. Мәліметтерге сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 619 сенімді өкіл тіркелген. Ал Дания Есбаеваға 228, Амангелді Тасбиықовқа 47 өкіл сенім білдіріп отыр. Сондай-ақ Әміржан Қосановқа 21, Жамбыл Ахметбековке 16, Сәдібек Түгел мен Төлеутай Рахымбековке 11 адам сенімді өкіл болуға ниет танытқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы