Маңғыстау облысын газбен қамтамасыз етуге 266 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. Оның айтуынша, 7 газ инфрақұрылымы жобасы іске асырылады деп жоспарланып отыр.
Оның ішінде, жалпы сомасы 207,4 млрд теңгеге «Бейнеу-Жаңаөзен» учаскесінің 1-ші желісін күрделі жөндеу және 2-ші желісін салу жобасы жоспарда бар. Сондай-ақ 16,5 млрд теңге сомасына «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу жобасы қамтылады. 25,7 млрд. теңге сомасына Құрық ауылына «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырынан газ бұру және газ тарату құбырларын салу жобасы да бар, - деді Энергетика министрі.
Ведомство басшысы осы жобаларды іске асырудың арқасында Маңғыстау облысын газбен жабдықтау мәселесі толық шешілетіндігін атап өтті.
Облыстың газ мәселелерін талқылау аясында Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу қажеттілігі туралы атап өтпеуге болмайды. Жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының тозу деңгейі өте жоғары. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жаңаөзен қаласында заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда, - деп отыр Мағзұм Мырзағалиев.
Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес жылына 900 млн куб метр көлемінде шикі газды қайта өңдейтін болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін алдағы 5 жылда Маңғыстау облысында мұнай өндіру тұрақты болатындығы туралы жазған болатынбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы