Маңғыстау облысы жыл қорытындысы бойынша алғашқы үштікте

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында белгілі болды. Мемлекет басшысы алдында биылғы жартыжылдықтағы өңірдің экономикалық дамуы туралы есеп берген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов барлық салаларда оң қарқынның байқалғанын айтты.

Атап айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібі және инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, сауда және көлік байланыстары саласында ілгерілеу байқалған. Соңғы 6 ай ішінде Маңғыстауға 256,3 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,6%-ға өскен. Аграрлық секторда 7 миллиард теңгеге өнім өндірілді, бұл 3% өсімге тең. 2 инвестициялық жоба іске асырылып, жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика және жылына 15 мың тонна жем шығаратын зауыт іске қосылды. Нәтижесінде 121 жаңа жұмыс орны құрылды, - деді өз баяндамасында облыс әкімі.

Сонымен қатар, облыс басшысы аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға да тоқталды. Стационарларда 335 адам ем қабылдаса, 40 адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

Облыс әкімі шілде айының басынан бері вакцинацияланған тұрғындар саны 4 есеге артты деп отыр. Жалпы саны 15 мыңнан астам адам екпе алған. Оның ішінде, I компонентпен - 75 638, II компонентпен - 39 899 адам вакцина салдырыпты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы