Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында жаңа тұрғын үй массиві салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұнайлы ауданында жыл соңында жаңа тұрғын үй массиві пайда болады. Бұл туралы Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров айтты, деп хабарлайды Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, қазір ауданда 174 200-ден астам адам тұрып жатыр. Соның 32637-сі жер учаскесін алу үшін кезекте тұр. Биыл 2907 адамға жер телімі беріледі.

Аудан халқының саны күн санап артып жатыр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Маңғыстау облысының оның ішінде Мұнайлы ауданына қандастарымыз көп қоныс аударады. Екіншіден, мұнда туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан тұрғын үй салу үшін жер кезегіне тұратын азаматтар саны да көп, – деді Бақытжан Орынбасаров.

Аудан басшысының мәліметінше, алдымен электр энергия және газ құбыры тартылады. Содан соң кезектегі азаматтарға жер телімі табысталады.

Жыл соңына таман ауданда пайда болатын жаңа тұрғын үй массиві «Қызылтөбе-3» деп аталады. Оның 751 жер учаскесіне газ құбыры толықтай жүргізілді. Электр желісі қазір жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа бюджеттен 256 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланды. Бұдан бөлек алдағы уақытта Батыр ауылында – 656, Дәулет ауылдық округінен – 300, Маңғыстау және Баянды ауылдарынан 1200 жер телімі берілмек, – деді Бақытжан Орынбасаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы