«Маңғыстау» газетінің 50 жылдығы аталып өтті

Ақтау қаласында «Маңғыстау» қоғамдық-саяси газетінің 50 және аудандық-қалалық газеттер мен ақпараттық порталдың басын қосқан «Маңғыстау-медиа» ЖШС-нің 10 жылдығы кең көлемде ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Маңғыстаудағы тілшісі.

Алдымен осы ұжымда ұзақ жыл еңбек еткен фототілші Талант Құсайынның фотокөрмесі өтті. Сонан соң маңғаз Маңғыстаудың төл газетінің тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды. Оған жазу машинкалары, әр жылдардағы фотоаппараттар, магнитофондар, журналистика ардагерлерінің қызметтік куәліктері мен жеке заттары, түрлі іс-шаралардан, редакцияның жұмыс күндері мен мерекелерінен фотосуреттер бар.

Мереке салтанатты шарамен жалғасты. Салтанатты жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

Әбіш Кекілбайұлы: «Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес», деген сөзі есімізде.Сондықтан да қолға қалам ұстап, жазуды серік еткен өңір журналистері үшін бұл мерейлі датаның орны бөлек деп білеміз. Басылым өңірдегі жалғыз қазақ тілді БАҚ қызметін абыроймен жарты ғасыр бойы атқарып келеді,- деп атап өтті министр.

Мерекелік шарада газетте әр жылдары еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, қаламы қарымды жас журналистердің еңбегі бағаланды. Оларға «Еңбек ардагері» медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі және алғыс хаттар табысталды.

Адагер журналист Темір Мыңжастың айтуынша, газеттің қоғамдағы рөлі ерекше.

Түрлі әлеуметтік желілер ақпаратты тиіп-қашып беріп, толық айтпайды. Ал газетте соны жіктеп, жан-жақты қылып баяндайды. «Маңғыстау» газеті - қоғам айнасы. Талай сындарлы шақтарды, қиын кезеңдерді өткерді. Өлкемен бірге өсіп, дамып келеді,- дейді қаламгер.

Шара аясында ардагер журналист Киікбай Мырзағұловқа «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді. Мерейтой 50 түрлі іс-шарамен жалғасын таппақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы