Маңғыстау энергетикалық колледжі "BabySkills-2025" чемпионатын өткізіп жатыр

Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында "BabySkills-2025" чемпионатын өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балалардың кәсіби дағдыларын дамытуға арналған "BabySkills-2025" чемпионаты 3 кезеңнен тұрады: бірінші кезең - іріктеу кезеңі, екінші кезең - шеберлік таныту, үшінші кезең - финал.

Чемпионат "электрмен жабдықтау", "машина жабдықтары", "сантехника және жылыту" құзыреттіліктері бойынша өтіп жатыр. Балалар арасындағы өзара сынға Ақтау қаласындағы №56 "Жұлдыз" бөбекжайы, №11 "Каусар" балабақшасы, №58 "Балауса" бөбекжайы, "Айкөркем", "Junior Kids" балабақшасының тәрбиеленушілері қатысып отыр.

Маңғыстау энергетикалық колледжінің хабарлауынша, әр балабақша өз тәрбиеленушілерімен "электрмен жабдықтау", "машина жабдықтары" және "сантехника және жылыту" тақырыптарында шығармашылық және техникалық тапсырмаларды орындады. Балалар техникалық білімдерін, шығармашылық ойлау қабілеттерін және командалық бірлігін көрсетіп отыр. Қазіргі кезде чемпионаттың екінші кезеңі сәтті аяқталды.

 

Чемпионаттың қорытындысы бойынша қатысушылар марапатталады.

Айта кетейік, "BabySkills-2025" чемпионаты балалардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды шара. Бұл бастама кішкентай балалардың еңбекке деген құндылықтарын тәрбиелеуге, шығармашылық қабілеттерін ашуға және болашақта жоғары білікті мамандар ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ чемпионат жұмысшы мамандықтар мен техникалық білімге деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы