Кеше 2026, 18:04 Фото: REUTERS/Albert Gea

Mango негізін қалаушы миллиардердің ұлы әкесінің өліміне күдікті болып ұсталды

Әлемге танымал Mango брендінің негізін қалаушы құздан құлап қаза тапқан еді. Бір жылдан соң оның ұлы тергеу нысанына айналды.

Испанияда Mango сән бренді негізін қалаушы Исак Андичтің ұлы Джонатан Андич әкесінің жұмбақ өліміне байланысты тергеу аясында ұсталды.

Шетелдік БАҚ мәліметінше, 45 жастағы Джонатан Андич Барселонада полиция тарапынан жауап алу үшін қамауға алынған. Құқық қорғау органдары оны ықтимал кісі өлтіру ісі бойынша тергеп жатыр.

Джонатан Андич. Фото: Анадолу Getty Images арқылы

Андичтер отбасының өкілі Джонатанның тергеу аясында күдікке ілінгенін растағанымен, қосымша мәлімет беруден бас тартқан.

Еске салайық, Mango компаниясының негізін қалаған испаниялық миллиардер Исак Андич 2024 жылдың желтоқсанында Барселона маңындағы Монтсеррат үңгірлері аумағында ұлымен бірге серуендеп жүрген кезде құздан құлап қаза тапқан еді. Ол шамамен 107 метр биіктіктен құлаған.

Исак Андич. Фото: WireImage

Бастапқыда бұл оқиға жазатайым жағдай ретінде тіркелген. Алайда арада бір жылға жуық уақыт өткен соң жергілікті БАҚ Джонатан Андичтің күдікті ретінде тергеліп жатқанын хабарлады. Бұған оның полицияға берген жауабындағы қарама-қайшылықтар себеп болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Джонатан әкесінен сәл алда келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, ол артына бұрылған кезде әкесінің соқпақ шетінен құлап бара жатқанын көрген. Сонымен қатар тастардың құлаған дыбысын естігенін жеткізген.

Алайда полициядағы дереккөздердің мәліметінше, ұлының айтқан нұсқасы сот-медициналық сараптама қорытындыларымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Отбасы Джонатан Андичтің кінәсіз екеніне сенімді екенін мәлімдеді.

Исак Андич Mango компаниясын 1984 жылы құрған. Forbes бағалауынша, ол қайтыс болған кезде оның байлығы шамамен 4,5 млрд долларды құраған. Кәсіпкердің өлімінен кейін компания басқаруы ұлы мен екі қызына өткен.

Джонатан Андич және оның екі қарындасы. Фото: Getty Images