"Мәңгілік құрылыс" аяқталды: Ақмола облысында 32 жыл күттірген жүзу бассейні ашылады
Ақмола облысында 1993 жылы басталған және 32 жыл бойы «мәңгілік құрылыс» атанған жүзу бассейні аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, ұзаққа созылған құрылысқа объективті және субъективті себептер әсер еткен: пандемия кезінде мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы тоқтаған, құрылыс сметалары өзгерген, бағалар өскен, жобалау құжаттары түзетілген.
Биыл тек бес әлеуметтік нысанды ғана аяқтауға мүмкіндік туды. Медициналық нысандар түгелімен тапсырылды. Алайда, қосымша 64 миллиард теңге бөлуге тура келді. Бұл қаражат жаңа жобаларға жұмсалуы мүмкін еді, – деді Марат Ахметжанов.
Әкімнің сөзіне қарағанда, енді жаңа құрылыс жобалары бір жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Мысалы, Зеренді қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі шетелден қайтарылған қаражат есебінен салынып жатыр.
Ең басты оқиға – 20 қарашада Бұланды ауданында жаңа жүзу бассейні ашылады. 1993 жылы басталған жоба 32 жылдан кейін аяқталып, тұрғындардың пайдалануына беріледі.
Енді тек бассейнге су беруді күту ғана қалды – ол қабырғаларды салғаннан жылдам болады деп үміттенеміз.