Мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға кедергі бар ма? - Вице-министр жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.  

«Қазақстанның атын күллі әлемге танытқан Денис Тен арамызда жоқ. Элизабет Тұрсынбаева да кәсіби спорттағы мәнсабын аяқтады. Жалпы мәнерлеп сырғанау спортын насихаттау және дамыту ісінен мемлекет шет қалған сыңайлы. Бұған не себеп? Мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға не кедергі?» деген тілші сауалына вице-министр жауап берді.

Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен Сочидегі Олимпиададан жеңіске жеткеннен кейін спорттың бұл түрі қарқынды даму үстінде. Қазіргі уақытта тоқтап тұр деп айтуға болмайды. Себебі одан кейін Элизабет Тұрсынбаева, Айза Мамбекова сынды спортшыларымыз жалғастырды. Бірақ Элизабет те өз мәнсабын аяқтағанымен, артында ізбасарлары бар. Оларды дайындауға бізге мүмкіндік те жоқ емес, - деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар қысқы Спартакиада ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларға тоқталды.

Қысқы Спартакиада ойындарында тек Алматы мен Нұр-Сұлтаннан ғана емес, Қызылорда мен Маңғыстаудан да жас спортшылар қатысты. Олимпиада – өте үлкен деңгейді талап ететіндіктен, спортшыларымыз біраз уақыттан кейін дайын болады деген сенімдемін. Үкімет өз тарапынан бүкіл күшті сол спорт түріне салып жатыр. Жаңа нысандар, мұзайдындар ашылды. Оңтүстік аймақтарда осындай жұмыс жалғасын табуда, - деді Серік Жарасбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы