Манчестердегі синагогаға шабуыл: екі адам қаза тауып, төртеуі жараланды
Ұлыбританияның Манчестер қаласында синагогаға жасалған шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Оқиға Йом-Киппур күні – еврейлердің діни күнтізбесіндегі ең қасиетті мереке кезінде болды. Полиция шабуылды террористік акт деп таныды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, көлік алдымен синагога маңындағы адамдарға соққан, кейін жүргізуші пышақпен жиналғандарға шабуыл жасаған. Қауіпсіздік қызметкерлері күдіктінің ғимаратқа кіруіне жол бермеді. Полицейлер жеті минут ішінде оқиға орнына келіп, күдіктіні атып өлтірді. Оның үстінен жарылғыш затқа ұқсас белдік табылғанымен, кейіннен қауіпсіз екені анықталды.
Жараланғандардың арасында күзетші де бар. Олар ауруханаға жеткізілді.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер оқиғаны «қорқынышты шабуыл» деп атап, елдегі синагогаларға қосымша полиция күштері жіберілетінін айтты. Король Чарльз III те қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Манчестер мэрі Энди Бернхэм «қоғамға жасалған бұл соққыдан кейін қала тұрғындарының бірлікте болатынын» мәлімдеді.
Тергеу жалғасуда, күдіктінің аты-жөні әзірге ресми жарияланбады.