МӘМС: Жыл басынан бері Ұлттық нейрохирургия орталығында 745 күрделі ота жасалды

Жыл басынан бері Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС бойынша 745 күрделі ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жуырда МӘМС жүйесі аясында тағы бір ота сәтті өтті. Ми патологиялары нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирургтары пациенттің бас сүйегіне қарай өскен өте үлкен көлемдегі ми қабығы менингиомасы ісігін алып тастады.

Ісіктің үлкен болғаны соншалық, 52 жастағы ер адамның басының сол жақ маңдай-төбе аймағында үлкен томпақ түйін пайда болған. Науқасты үнемі бас ауруы, бас айналу, қан қысымының жоғарылауы, аяқтарының сезімталдығының төмендеуі, құлақтың шуылы және әлсіздік мазалады. Ісік мөлшері 85*60*55 мм-ге дейін өскен.

Нейрохирургия институты

Орталықтың Ми патологиялары нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдиевтің айтуынша, МРТ-ға түсіргеннен кейін менингиома анықтап, ер азаматты ҰНО-ға жедел емделуге жіберген. Пациентке нейронавигация мен аппараттық реинфузияны қолдана отырып, сол жақта өскен интракраниальды сол жақ маңдай-төбе аймағы менингиомасын микрохирургиялық тәсілмен алып тастады. Ота 5 сағатқа созылып, ісік толығымен алынды.

Бұл ота пациентке МӘМС аясында квота бойынша тегін жасалды. Мұндай хирургиялық араласулар кезінде тек заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда мықты мамандардың арқасында оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ісікті алып тастағаннан кейін қан қысымым қалыпқа келді, денсаулық жағдайым жақсарды, көп ұзамай қажеттіліктерімді өзім жасай алатын қалпыма қайта ораламын, - деп қуанышымен бөлісті 52 жастағы пациент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нейрохирургия институты
Өзгелердің жаңалығы