МӘМС жүйесіндегі заң бәріне бірдей емес пе? – Аймағамбетов түсіндірді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азамат пен жұмыс беруші жарна төлемесе - бірден жүйеден шығарылады. Ал мемлекет төлемесе - ештеңе болмайды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы әділетсіздікке назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
МӘМС жүйесіне сәйкес, әрбір азамат жалақысының 2 пайызын ай сайын жарна ретінде аударады. Жұмыс беруші де әр қызметкері үшін қосымша 3 пайыз төлеуге міндетті.
Ал заң бойынша, 15 санатқа жататын азаматтар үшін - оның ішінде балалар, зейнеткерлер, студенттер мен әлеуметтік осал топтар - жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Бұл жарна орташа жалақының 2 пайызымен есептеледі.
Алайда іс жүзінде жағдай мүлде басқаша.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақытылы төлемесе, бірден жүйеден шеттетіледі. Медициналық көмек көрсетілмейді.
Ал министрлік ше? Ешкім жауап бермейді, - дейді депутат.
Қаржы министрлігі заңда көрсетілген "орташа жалақы" емес, "медиандық жалақы" негізінде есеп жүргізеді. Бұл - заңға қайшы. Осылайша, жыл сайын жүйе 250 миллиард теңгеге жуық қаражаттан қағылып отыр.
Тіпті 2024 жылы мемлекет төлеуі тиіс жарнаның өзі толық аударылмаған. Азайтылған көлемнің тек жартысы ғана төленген. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 500 миллиард теңгеден астам қаржыдан айырылды.
Бұл сандардың артында - адамдар тағдыры.
Аймағамбетов нақты мысал келтірді:
• Емханаларда - ұзын-сонар кезектер;
• Қарапайым анализдер мен дәрі-дәрмек - қолжетімсіз;
• Уақытында көмек ала алмаған мыңдаған адам бар.
Азамат жарна төлемесе - жүйеден шығарылады. Ал мемлекет төлемесе - ешқандай шара қарастырылмайды. Мұндай екіжүзділік болмауы керек. Заң бәріне ортақ болуы тиіс, - деді депутат.