МӘМС жүйесі: Тұрақтылық, бақылау және жаңа мүмкіндіктер
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды реформалардың бірі саналады. Жүйенің басты мақсаты – әрбір азаматқа тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Соңғы жылдары МӘМС аясында жоғары технологиялық медициналық қызметтердің көлемі ұлғайып, диагностикалық зерттеулер мен оңалту қызметтеріне қолжетімділік артты. Сонымен қатар, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және медициналық ұйымдардың жұмысын тиімді бақылау мақсатында жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – халықтың денсаулығын қорғауға арналған жүйе. Ол сапалы медициналық қызметтердің кең ауқымына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жамбыл облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылуы, 2026 жылдан бастап күшіне енген өзгерістер, сақтандырумен қамту деңгейі және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетовамен әңгімелестік.Осы ретте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетвамен әңгімелесіп, Қор филиалының жұмысы турасында сұхбаттасқан едік.
– Ғайни Төленқызы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы бері халыққа қандай мүмкіндіктер берді? Жамбыл облысында МӘМС жүйесіне қатысу көрсеткіші қандай деңгейде?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бүгінде қазақстандықтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік тетікке айналды. Жүйе іске қосылған уақыттан бері миллиондаған азамат қымбат диагностикалық тексерулерден өтіп, күрделі операциялар мен оңалту қызметтерін тегін пайдаланып келеді. Жамбыл облысында да МӘМС жүйесінің тиімділігі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда өңірде 980 мыңнан астам тұрғын сақтандырылған. Бұл облыс халқының 83,5 пайызын құрайды.
– Өңірде сақтандырылмаған азаматтардың саны қанша?
– Қазіргі уақытта облыста 193 268 азамат сақтандырылмаған. Бұл көрсеткішті төмендету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірлескен жұмыстар жүргізуде. Бүгінде Жамбыл облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту және халықты сақтандырумен қамту деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған. Аталған штаб өңірдегі сақтандырылмаған азаматтарды анықтау, олардың сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
– 2026 жылы МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізілді?
– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы былтыр шілде айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға енгізілген өзгерістерді бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл жаңалықтар ең алдымен халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталды. Сонымен қатар, биылдан бастап, әлеуметтік әл-ауқаты төмен «D» және «E» санатындағы азаматтар жергілікті бюджет есебінен сақтандырылып келеді. Бұған қоса, онкологиялық скринингтер барлық азаматтарға тегін жүргізіліп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша консультациялық-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі.
– Бірыңғай медициналық көмек пакетінің басты артықшылығы неде?
– Негізгі артықшылығы – медициналық қызметтердің халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы. Бұрынғыдай ТМККК мен МӘМС арасындағы айырмашылықтарды ажыратудағы қиындықтар азаяды. Сонымен қатар аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және қаржыландырудың тиімділігі артады.
– МӘМС аясында тұрғындар қандай медициналық қызметтерді ала алады? Биылғы жылы Жамбыл облысында МӘМС аясында қандай медициналық қызметтерге сұраныс жоғары болды?
– Биыл тұрғындар арасында магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), ультрадыбыстық зерттеулер, кардиологиялық тексерулер, оңалту қызметтері және жоспарлы хирургиялық операцияларға сұраныс жоғары болды. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі де ұлғайып келеді. МӘМС шеңберінде консультациялық-диагностикалық қызметтер, зертханалық тексерулер, жоғары технологиялық операциялар, стационарлық ем, оңалту қызметтері, ЭКО бағдарламасы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және бірқатар созылмалы аурулар бойынша медициналық көмек көрсетіледі.
– Жарна төлемейтін жеңілдік санаттарына кімдер кіреді?
– Мемлекет өз тарапынан 16 жеңілдік санатына жататын азаматтарды жарна төлеуден толық босатқан. Олардың қатарында балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер, ресми тіркелген жұмыссыздар, сотталғандар, алтын және күміс алқалы көп балалы аналар, студенттер және тағы басқа санаттағы тұлғалар бар. Жоғарыда атап өткенімдей, тағы бір санат ол - жыл басынан бастап әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен, нақтырақ айтқанда, «Д» және «Е» санаттарына жататын осал топтағы азаматтар МӘМС жүйесінде жергілікті бюджет есебінен сақтандырылған.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МӘМС жүйесіне қалай қатыса алады?
– Әрине, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар дербес төлеуші ретінде МӘМС жарналарын өз бетінше аудара алады. Сонымен қатар алдағы 12 айға алдын ала төлем жасау арқылы сақтандырылған мәртебесін алуға мүмкіндік бар. Төлем айына – 4250 теңгені құрса, бір жылдық төлем 51000 теңге. Азаматтарымыз МӘМС жарнасын екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы төлей алады.
– Жамбыл облысында медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар жиі кездесе ме?
– Медициналық қызмет көрсету барысында жекелеген шағымдар кездеседі. Мұндай жағдайда азаматтар алдымен медициналық ұйымдардағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады. Қажет болған жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы өтініштерді қарастырып, тиісті шаралар қабылдайды.
– Ауыл тұрғындары үшін МӘМС қызметтері қаншалықты қолжетімді?
– МӘМС қызметтері қала және ауыл тұрғындары үшін бірдей қағидат бойынша көрсетіледі. Ауылдық жерлердегі емханалар мен медициналық ұйымдар арқылы қажетті консультациялық, диагностикалық және емдеу қызметтерін алуға болады. Сонымен қатар күрделі ем түрлеріне жолдамалар беріледі.
– МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша алдағы жоспарлар қандай? Жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер медицина саласына қандай өзгеріс әкеледі?
– Қазіргі таңда Qalqan цифрлық платформасы енгізілуде. Бұл жүйе қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, медициналық қызметтердің сапасын бақылауға және халықтық бақылау тетіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Qalqan платформасының пилоттық іске қосылуы 2026 жылғы 16 наурызда өтті. Қазіргі уақытта жүйеге еліміздегі барлық медициналық ұйымдар тартылған. Цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Qalqan платформасы медициналық ұйымдардың қызметін барынша ашық етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жасанды интеллект элементтері медициналық қызметтердің сапасын бақылауға, жалған есептердің алдын алуға және пациенттердің құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Медициналық ұйымдардың лицензиялары, инфрақұрылымы және ресурстары туралы деректерді цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы негізгі ақпараттық жүйелермен интеграция кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ал Қордың Жамбыл облыстық филиалы медициналық ұйымдардың сатып алу рәсімдері мен медициналық қызметтерге ақы төлеу үдерістеріндегі қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өндірістік базаларды «Qalqan» ақпараттық жүйесінде цифрландыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Бүгінгі таңда медициналық қызметтерді сатып алу бойынша шарт жасалған 105 медициналық ұйымның 93-і өндірістік базаларын толық цифрландыру жұмыстарын аяқтады. Бұл шамамаен 88,6% құрайды. Қалған 12 ұйым өндірістік базаларын жетілдіру кезеңінде. Болашақта пациент медициналық қызмет алғаннан кейін оны QR-код арқылы растай алады. Сондай-ақ ID сәйкестендіру және жасанды интеллект негізіндегі бақылау құралдары енгізіледі.
– Тұрғындарға МӘМС жөнінде қандай кеңес бересіз?
– Азаматтарға МӘМС мәртебесін тұрақты түрде бақылап, жарналарды уақытылы төлеуге кеңес беремін. Өз мәртебесін алдын ала тексеру арқылы медициналық көмек алу кезінде түрлі қолайсыздықтардың алдын алуға болады. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұру маңызды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бүгінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау саласының тиімділігі мен ашықтығын нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік институтқа айналды. Жаңа заңнамалық өзгерістер, бірыңғай медициналық көмек пакеті және цифрлық бақылау жүйелерінің енгізілуі халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Сондықтан әрбір азамат өз сақтандыру мәртебесін бақылап, жарналарын уақытылы төлеп, профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өтіп тұрғаны жөн.