МӘМС жүйесі өзгереді: Қазақстанда жаңа цифрлық платформа іске қосылмақ
Медициналық көмекті жоспарлау мен қаржыландырудың жаңа тәсілі таныстырылды. Qalqan платформасы бұл процестерді қалай өзгертпек?
Таразда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған МӘМС 2.0 жаңа моделін енгізу және Qalqan бірыңғай цифрлық платформасының мүмкіндіктерін таныстыруға арналған жиын өтті. Басқосуға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Орталық аппараты мен Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілдері, сондай-ақ медициналық ұйымдардың жауапты мамандары қатысты.
Жиында Стратегиялық даму басқармасының басшысы Әйгерім Отарбай МӘМС 2.0 трансформациясының негізгі бағыттарына тоқталып, жаңа модельдің медициналық көмекті жоспарлау мен қаржыландыру жүйесіне әкелетін өзгерістерін түсіндірді.
МӘМС 2.0 трансформациясының негізгі мақсаты – медициналық көмекті жоспарлау мен қаржыландыру процестерін заманауи цифрлық шешімдер арқылы жетілдіру. Бұл ретте барлық негізгі процестердің өзара байланысын қамтамасыз етіп, деректердің сапасы мен ашықтығын арттыруға басымдық беріледі, – деді Әйгерім Отарбай.
Оның айтуынша, Qalqan платформасы медициналық көмекті жоспарлаудан бастап, оны сатып алу, мониторингтеу және қаржыландыруға дейінгі процестерді бір цифрлық ортада үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл медициналық ұйымдардың әкімшілік жүктемесін азайтып, қажетті ақпаратты жедел алуға, деректердегі қателер мен сәйкессіздіктерді ерте кезеңде анықтауға жол ашады.
Qalqan платформасының маңызды артықшылығы – деректермен жұмыс істеудің жеделдігі мен ашықтығы. Ақпараттың бір цифрлық ортада шоғырлануы медициналық көмекті жоспарлау кезінде нақты деректерге сүйенуге, ал қаржыландыру барысында ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ жиында тәуекелге бағдарланған мониторингтің жаңа тәсілдері таныстырылды. Бұл бағыт ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтап, проблемалық мәселелерге дер кезінде назар аударуға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін сөз алған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова өңірдегі медициналық ұйымдардың жаңа модельге бейімделуіне тоқталды.
МӘМС 2.0-нің тиімді жүзеге асуы медициналық ұйымдардың жаңа жұмыс тәсілдеріне тез бейімделуіне байланысты. Біздің міндетіміз – жаңа жүйенің мүмкіндіктерін түсіндіріп, мамандарға оны күнделікті жұмыста тиімді қолдануға қажетті қолдау көрсету, – деді Ғайни Аймағанбетова.
Филиал директоры мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, медициналық ұйымдар мамандарының жаңа цифрлық жүйемен жұмыс істеу тәртібін меңгеруі маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар ұйымдардың ұсыныстары мен тәжірибесін ескеру жаңа модельді тиімді енгізуге ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында медициналық қызмет көлемдерін жоспарлау, қаржыландыру тетіктері, цифрландыру және тәуекелге бағдарланған мониторинг мәселелері кеңінен талқыланды. Медициналық ұйымдардың мамандарына Qalqan платформасымен жұмыс істеу тәртібі көрсетіліп, жүйенің негізгі мүмкіндіктері таныстырылды.
Қатысушылар нақты жұмыс процестеріне қатысты сұрақтарын қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жаңа модельді іске асыруға байланысты ұсыныстарын ортаға салды.
МӘМС 2.0 трансформациясы – медициналық көмекті жоспарлау мен қаржыландыру процестерін жаңғыртып қана қоймай, оларды барынша ашық, тиімді әрі цифрлық форматқа көшіруге бағытталған маңызды қадам. Ал Qalqan платформасы осы процестерді бір ортаға біріктіріп, медициналық көмекті басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.