МӘМС: Күндізгі стационарда қалай емделеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы алматылықтардың денсаулығын сақтауға 182,2 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Жаңа реформа мен тарифтерді теңестірудің нәтижесінде биыл бұл қаражат 1,5 есеге артып отыр. Соның ішінде, стационарды алмастыратын көмекке бөлінетін қаржы көлемі 2 есе көбейді.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, биылдан бастап стационарды алмастыратын көмек сақтандыру пакетке енгізілген. Бұл қызмет түрін сақтандырылған азаматтар тәуліктік стационарлар мен емханалық-амбулаторлық көмек нысандары арқылы ала алады. Сонымен қатар, стационарды алмастыратын көмек үй жағдайында да көрсетіледі.

Стационарды алмастыратын көмекке: жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын, дәрігердің бақылауымен көрсетілетін қызмет түрлері кіреді. Күндізгі стационар қызметіне: дәрігердің қабылдауы, салалық мамандардың консультациясы, диагностикалық зерттеу түрлері жатады.

Стационарды алмастыратын көмек тәуліктік стационарларда да көрсетіледі. Ол үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Операция алдында арнайы дайындықты және реанимациялық қолдауды қажет ететін пациент ауруханаға жатқызылады. Ал, шұғыл жағдайларда жолдаманы стационардың дәрігері береді.

Сондай-ақ, тәулік бойғы стационардан шыққан пациенттер, қан құюды қажет ететін, әсері күшті инъекцияларды салдыратын, химия, сәулелі терапияны қажет ететін, сәулелі терапия салдарын реттеуге зәру болған пациенттер де тәулік бойғы стационарға жатқызылады.

Қандай жағдайда пациент емхананың күндізгі стационарында емделе алады?

Созылмалы сырқаты асқынған пациенттер өмірге қауіп төнбеген жағдайларда емхананың күндізгі стационарында емделе алады. Сонымен қатар, созылмалы сырқаты бар азаматтар жоспарлы сауықтыру курсынан өтеді. Кешенді оңалтудың үшінші кезеңіне жататын пациенттер де күндізгі стационарда емделсе болады.

Күндізгі стационарда емделу үшін сақтандырылған тұрғынның қолында учаскелік дәрігердің жолдамасы болуы шарт. Ал, әлеуметтік маңызы бар, қауіпті және негізгі созылмалы ауруларға шалдыққан пациенттер бұрынғыша, тегін медициналық көмек пакеті бойынша емделе алады, - деді филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Стационарды алмастыратын көмек қандай кезде үй жағдайында көрсетіледі?

·       Егер пациент денсаулығына байланысты өз бетінше емханаға бара алмаса;

·       Сирек кездесетін орфанды ауруларға шалдыққан балалар маусымдық жұқпалы сырқаттар өршіген кезде ферментативті және бактерияға қарсы терапияны үй жағдайында қабылдай алады.

Емдеу тәртібі бойынша, сырқаттар емханалар мен стационарларда 3 күннен 8 жұмыс күніне дейін емделе алады. Үй жағдайында емделу кем дегенде 3 жұмыс күнін, өткір аурулар кезінде ары кетсе 5 жұмыс күнін құраса, созылмалы сырқаттар асқынған кезде емделу мерзімі 8 жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, медициналық көмек тиісінше көрсетілмеген жағдайда Медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс нөміріне шағымдануға болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы