МӘМС: Кім қанша төлейді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров бүгін филиалдың 2020 жылы атқарған қызметі мен 2021 жылғы жоспарлары туралы онлайн форматта өткен брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін 11 млн азамат үшін мемлекет биыл орташа жалақының 1,6% аударады. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, еңбекақы төлеу қорынан қызметкер табысының 2% көлемінде аударады. Сонымен қатар жұмыс беруші аударымына қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап, қорға аударады.
Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8500 теңгеден жоғары болмауы керек. Жеке кәсіпкерлердің жарнасы да өзгеріссіз. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді. Сонымен қатар бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 - ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2125 теңге төлейді. Себебі, биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ, - деді ол.
Филиал басшысы бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударатынын тағы еске салды.
Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат ірі қалаларда 2917 теңге, ауылдық жерлерде 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде - 1458 теңге болады. Қаржының 40% - Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. Егер азаматтардың мәртебесі 2021 жылы «сақтандырылмаған» болып шықса, алдыңғы 12 айдың төлемдерін тексеруі қажет, - деді ол.