МӘМС-ке алынатын жарнаның шекті мөлшері өседі
Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
МӘМС-ке жарна алынатын табыстың шекті мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өспек.
Жоба «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына орналастырылып, көпшілік талқысына ұсынылды. Қазіргі таңда жұмыскерлердің жалақысынан 2% жарна ұсталады. Бірақ жарна төленетін табыстың шекті мөлшері бар. Жарна алынатын шекті мөлшер 10 ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) немесе 850 мың теңгені құрайды. Яғни, жалдамалы жұмыскерлерден ұсталатын жарна мөлшері 17 мың теңгеден аспауы тиіс, - дейді Медициналық сақтандыру қоры.
Сондай-ақ, не үшін табыстың шекті мөлшерін өзгерту қажет екенін атап өтті.
Қазіргі таңда қазақстандық МӘМС жүйесінде табыс қанша төмен болса төленетін жарнаның проценті де жоғары болып отыр. Ал, әділеттілік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, табысы төмен адамдар жарнаны жоғары табыс табатындардан аз төлеуі тиіс. Ай сайын орта есеппен 300 мың теңге алатын жұмыскер ай сайын қорға 6 мың теңге көлемінде жарна аударады. Белгіленген шекті межені ескерсек, табысы 1,5 млн теңгені құрайтындар 17 мың теңге (10 ЕТЖ немесе 850 мыңнан) немесе табыстың 1,1% ғана аударады. Тіпті, 3 млн теңге табыс табатындар да 17 мың теңге немесе табыстың 0,6% төлейді, - дейді Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы.