МӘМС іске қосылғалы медицинаны қаржыландыру екі есеге артқан
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, МӘМС іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны 2 еседен артық өскен.
Бұл инвестициялардың, оның ішінде жеке инвестициялардың келуін ынталандырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сақтандыру моделі жүйесінде жұмыс істейтін елдердің үздік тәжірибелерін ескеріле отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС пакеттерінің қайта реттеу жүргізілді. 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты сала шығыстарының негізгі қаржыландыру көзіне айналады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр салаға қаржы құюдың тиімді тұсына тоқталды.
Саланың қаржыландыруын ұлғайтуы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және біздің медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Мәселен, соңғы 7 жылда 1 адамға арналған медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге ұлғайды. Бұл ретте медицина персоналының орташа жалақысы шамамен 2,5 есе, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе – 159 мыңнан 442 мың теңгеге дейін ұлғайды, - деп түсіндірді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ жүйе қосылғалы қызмет саны да артқан.
Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе ұлғайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің «табысты адамның осал топқа жәрдемі» негізгі қағидатын жүзеге асыру жүйенің басты жетістіктерінің бірі болып, бұл әлеуметтік әділдіктің тиісті деңгейін және медициналық көмектің жалпыға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деді министр.