МӘМС. Елордада жыл басынан бері 9 мыңнан аса кемшілік анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл астанада 3 ай ішінде көрсетілген медициналық қызмет сапасы мен көлеміне жүргізілген түрлі мониторинг аясында 9390 кемшілік анықталып, 415 млн 837 мың теңге алынды.
Қор халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жалғасып жатыр. Оның ішінде, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі аясында 300 млн 13 мың теңге сомасына 2 004 кемшілік анықталды, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 115 млн 824 мың теңге сомасына 7 386 кемшілік анықталды.Проактивті мониторинг аясында 12 медицина ұйымына тексеру жүргізілді. 1-кезеңде 16 млн 237 мың теңге сомасына 3 846 кемшілік анықталды, - деп атап өтті қор басшысы.
Ал мақсатты мониторинг аясында 410 кемшілік байқалған. Медициналық қызметтерді сатып алу шартын орындауда 12 бұрмалаушылық фактісі анықталып, айып төлеу есебінде 8 млн 899 мың теңге алынды деп отыр.
Сондай-ақ, қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасы мен көлемін мониторингілеу бөлімі жоспардан тыс мониторинг бойынша 48 қорытынды жасаған
Оның 17-і негізді шағым екені дәлелденді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде алынған сома 2 млн 701 мың теңгені құрады. Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімі бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өскені байқалады. Біздің сарапшылар медициналық қызметтің қолжетімді болуы және сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.