МӘМС: елорда ауруханасында жоғары технологиялық әдіс бойынша аритмологиялық операциялар жасалуда
Астана қаласындағы №1 көпбейінді қалалық ауруханада кардиохирурхиялық оталар ангиограф аппаратымен жоғары технологиялық әдістер бойынша жасалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалы ұйымдастырған баспасөз туры кезінде белгілі болды.
Айта кетерлігі, соңғы стандарттарға сай ешқандай кесусіз, наркозсыз жасалады. Тамырлар арқылы жүрекке арнайы катеторлар жіберіп, сол арқылы тамырларды тазарту және стенд қойылады.
Елордада Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетіп отырған ұйымдар жетерлік.
Сөзіміздің дәлелі, жыл басынан бері қор жоспарлы медициналық көмек көлемі бойынша өтінім берген 172 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Оның ішінде 133 жекеменшік ұйым болса, (8-і республикалық) 39 мемлекеттік медицина ұйымы бар.
Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия тағы да басқа профильдер бойынша жүздеген операция жасалып жатыр. Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллион тұруы мүмкін. Мысалы, 2023 жылдың 4 айында Астана қаласы бойынша 4,5 млрд теңге сомасына 777 кардиохирургиялық операция жасалған, - деп атап өтті ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Ғұламжан Жұманов.
Ал былтыр №1 көпбейінді қалалық аурухананың базасында жедел коронарлы синдроммен келген пациенттерге көмек көрсету үшін интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесі ашылғаны белгілі болды.
Бөлімшеде жасалатын оталарға былтыр МӘМС есебінен 200 947 760 теңге қаралған. Осы сомаға 231 операция жасалған. Ал биыл 291 160 736 теңге сомасына 283 науқас операция жасатып, диагностикадан өткен. Тағы айта кететіні, биыл маусым айынан осы ауруханада жүрек-қан тамырлары ауруымен келген науқасқа жоспарлы көмек көрсету үшін №1 терапия бөлімшесінде кардиохирургия профилі ашылған.
Астана қаласының Байқоңыр, Алматы аудандары бойынша коронарлы синдроммен түскен науқастарды жедел қабылдаймыз. Мұндайда науқас ангиограф аппаратына жатады. Сосын, осы аппаратта жүрек-қантамырларының бітелген тұстарын анықтап, тазартамыз. Бұл – жоғары технологиялық операция саналады. Қан тамырларында тромб пайда болуы мүмкін. Ол кісілер жүрек ұстамасымен түскенде, жедел операция жасаймыз. Өкінішке қарай, жүректің ишемиялық ауруы жасарып барады. Жедел түрде инфарктпен түскен науқастардың ішінде қазір 20-25 жастағы пациенттер де кездесті. Аптап ыстықта жүрегі ауырып келетін пациенттер жиіледі. Бөлімшеде соңғы үлгідегі стандарттарға сай аппарат, құрал-жабдықтар жеткілікті. Бөлімшедегі операциялардың барлығы МӘМС жүйесі есебінен тегін жасалады. Қазір бөлімшедегі операциялар тамыр арқылы жасалады. Енді биыл жыл соңына дейін кардиохирургия бөлімшесін ашуға дайынбыз. Онда ашық түрдегі операциялар жасалады, - дейді аурухананың интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесінің дәрігері Азат Ыдырысов.
Сондай-ақ көпбейінді аурухананың кардиология бөлімшесіндегі науқастармен тілдесудің сәті түсті.
Бөлімшеде 35 науқасқа шақталған төсектік орын бар.
2017 жылы қал-ахуалым нашарлай бастады. Дәрігерге қарала келе, жүректегі екі тамырға дұрыс қан жүрмейтінін білдік. Тәубе, сол жылы №2 қалалық аурухананың дәрігерлері жедел көмек көрсетті. Ауруханада 18 күн жаттым. Шүкір, жағдайым жақсарды. Содан бері міне, 5 жыл өте шығыпты. Кардиологтердің нұсқауымен 14 маусымда №1 қалалық ауруханаға жолдамамен келдім. Денсаулығымды жіті бақылаған дәрігерлер келген күннің ертесіне-ақ жүрек-қан тамырларының бітелген жерін тазартты. Ота сәтті өтті. Жарты сағатта палатаға алып келді. Медициналық тексерістерден түгел өттім. Жағдайымызды дәрігерлер үнемі бақылап отырады. Шүкір, бірер күнде ауруханадан шығамын, - деп ағынан жарылды пациент Б. Сыдықова.
Айта кетерлігі, МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар базалық анализ талдауларынан бастап құны қымбат отаға дейін тегін жасата алады.
Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, басқа профильдер бойынша науқастарға ота жасалады.