МӘМС: Былтыр бас қалада 17,02 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек берілді
Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылы Астана қаласы бойынша тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 17,02 млрд теңге сомасына 207 663 пациент тегін дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде: тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде 10,32 млрд теңге сомасына 104 762 пациент, МӘМС есебінен 5,86 млрд теңге сомасына 115 119 ересек пациенттер мен 0,84 млрд теңгеге 24 873 бала дәрі-дәрмек алды. Амбулаториялық қамтамасыз ету бұйрығына сәйкес, емхана дәріханаларында МӘМС жүйесінде тегін берілетін антибиотиктер, ыстық түсіретін препараттар, темірқұрамды препараттар, сондай-ақ басқа да спецификалық препараттар сынды қажетті дәрілер бар, - деп атап өтті филиал басшысы.
Сонымен қатар ол биыл тегін дәрі-дәрмекке қанша қаржы бөлінгеніне тоқталды.
2023 жылға тегін медициналық кепілдендірілген көмек аясында және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге берілген өтінім 19,54 млрд теңгені: оның ішінде ТМККК – 11,36 млрд теңге, МӘМС бойынша ересектер үшін – 7,23 млрд теңгені құрады. МӘМС бойынша балалар үшін – 1,01 млрд теңге.
Қаңтар айынан бастап дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр, олардың құны 5,64 млрд теңгені құрады. Сарапшыларымыз медициналық қызметтің қолжетімді болуы және оның сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.