МӘМС бойынша жеке кәсіпкерлер қандай сұрақтарды жиі қояды?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. МӘМС-ке жеке кәсіпкер өзі үшін қанша төлейді? Өз қызметкері үшін қанша аударады? Жеңілдік санатына кіретін жұмыскерлер үшін төлем жасай ма?
Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жыл басынан бері, яғни 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 30,9 млрд теңге жарна аударған. Оның 17,2 млрд теңгеге жуығы жұмыс берушілердің аударымдары, ал 13,7 млрд теңге –жеке кәсіпкерлерден түскен жарна. Ал осы жылдың маусым айында елордалықтардан 5,6 млрд теңгеден аса жарна аударымдары түскен. Оның 3,2 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің, ал 2,4 млрд теңге – жеке кәсіпкерлердің аударымдары.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - дейді қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жеке кәсіпкер өзі үшін қанша төлейді?
Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын азаматтар басқа да әлеуметтік аударымдармен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға белгіленген мөлшерле жарна төлейді.
2022 жылы осы санаттағы төлеушілер үшін жарна мөлшері ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 4 200 теңгені құрады. (60 000*1,4) *5% = 4 200 теңге
Қалай төлейді?
Жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін МӘМС төлемін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі арқылы, оның ішінде мобильді қосымшалар арқылы, сондай-ақ "Қазпошта" АҚ, Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады. Төлем коды (ТК) – 122.
Ай сайын да, ұзақ мерзімге де алдын ала төлем жасауға болады.
2-3 жұмыс күні ішінде қаражаттың қайтарылуын міндетті түрде тексеріңіз. Егер ЖСН немесе аты-жөні, төлем сомасы дұрыс көрсетілмеген болса немесе аударым базасы 10 ЕТЖ-дан асып кетсе, жарналар қайтарылуы мүмкін.
Жеке кәсіпкер жұмыс беруші ретінде медициналық сақтандыруға қанша төлейді?
Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, онда жұмыс беруші ретінде төлемдердің уақытылы жүргізілуіне жауап береді.
- Аударымдар (жұмыс беруші қаражаты есебінен) – қызметкерлердің жалақысының 3% мөлшерінде, бірақ 18 мың теңгеден аспайды.
- Жарналар (қызметкердің жалақысынан) - қызметкерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде ұсталады, бірақ 12 мың теңгеден аспайды.
Мысалы: N атты қызметкерге 2022 жылғы шілде айына 100 000 теңге сомасында жалақы есептелді. Бұл жағдайда қызметкер жарнасының сомасы 2 мың теңгені құрайды, жұмыс беруші өз тарапынан 3 мың теңге аударады. Яғни, әр қызметкердің жалақысының мөлшеріне байланысты болады.
- Қалай төлем жасауға болады?
Жеке кәсіпкер қызметкерлері үшін МӘМС төлемін банктің кез келген бөлімшесі, оның ішінде мобильді қосымшалар және «Қазпошта» АҚ арқылы аударуға болады. Төлем коды (ТК): 121.
Егер жеке кәсіпкер жеңілдік санатына кіретін болса, МӘМС үшін жарна төлеуі қажет пе?
«МӘМС туралы» ҚР Заңына және ҚР Салық кодексіне сәйкес, салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұрғандарды немесе әрекетсіз деп танылғандарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарна төлейді.
Жеке кәсіпкер өзі немесе оның жалдамалы қызметкерлері мына санаттарда болған жағдайда жарналар мен аударымдарды төлемейді:
- балалар (18 жасқа дейінгі);
- зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
- мүгедектер;
- орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар.
Декреттік демалыстағы әйел жеке кәсіпкер болса, МӘМС үшін төлем жасауы керек пе?
Кәсіпкерлікпен айналыспайтын немесе жұмыс істемейтін, табысы жоқ әйелдер декреттік демалыс кезінде жеңілдік санатына кіреді.
Егер әйел жеке кәсіпкер болса, онда ол өзі үшін 4 200 теңге мөлшерінде белгіленген жарнаны төлейді.
Егер жеке кәсіпкер зейнеткер немесе мүгедек болса, ол медициналық сақтандыру үшін жарна төлеуі керек пе?
Жоқ. Мүгедектігі бар адамдар МӘМС жарналарын төлеуден толық босатылған азаматтардың жеңілдік санатына жатады, оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде де. Сондай-ақ, Қазақстандағы қордан зейнетақы алушылар да МӘМС жарналарын төлеуден босатылды.
Бір мезгілде жалдамалы қызметкер де болып саналатын жеке кәсіпкер медициналық сақтандыруға жарна төлей ме?
Иә. Бұл жағдайда «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2%-ын жалдамалы қызметкер ретінде және ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын, немесе 4 200 теңге жеке кәсіпкер ретінде төлейді.
Жеке кәсіпкер қызметі (салық есептілігін ұсыну) тоқтатылған жағдайда, ҚР Салық заңнамасына сәйкес, кәсіпкер МӘМС жарналарын жеке кәсіпкер ретінде төлемеуі тиіс.
Жеке кәсіпкерге МӘМС жарналарын төлемегені үшін өсімпұл есептеле ме?
Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақытылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмеу керек.
Медициналық сақтандыру қорына жарналарды және (немесе) аударымдарды төлеуден жалтарған жағдайда қандай шаралар қолданылады?
Мемлекеттік кіріс органдары (салық комитеті) аударымдар мен жарналардың уақытылы және толық есептелуіне және аударылуына бақылау жүргізеді.
Егер жеке кәсіпкер жарналарды және (немесе) аударымдарды төлеуден жалтарса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 92-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жұмыс берушiлер, жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсiби медиаторлар МӘМС-ке аударымдарды және (немесе) жарналарды төлемесе, уақытылы және (немесе) толық төлемесе – ескерту жасауға тура келеді. Бір жыл ішінде осы бұрмалаушылық тағы қайталанса,
- МӘМС-ке аударымдар және (немесе) жарналар төлемеген, уақытылы және (немесе) толық төлемеген шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сол соманың 20%-ы мөлшерінде
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30% мөлшерінде
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50% мөлшерінде айыппұл салынады.
МӘМС жарналарын және/немесе аударымдарын төлеу кезінде жеке кәсіпкер нені есте сақтауы қажет?
- Қаражаттың кері қайтарылмауы үшін алушының ЖСН мен аты-жөнін дұрыс көрсету керек;
- Есепті кезеңнен кешіктірмей салық органдарына есептілікті дайындап, тапсыру керек;
- МӘМС төлемінің аударылғаны туралы өз жұмыскерлерін хабардар ету керек.
- Медициналық сақтандыруға төлемдердің қабылдануын 2-3 жұмыс күні ішінде міндетті түрде тексеру қажет. Егер төлем қайтарылған болса, онда дұрыс ақпаратты көрсете отырып, қайта төлем жүргізу қажет.