МӘМС басшысы қызметінен кетті: Министр себебін айтты

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Айдын Құлсейітовтің отставкасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, шешім қолданыстағы заңнама мен белгіленген рәсімдерге сәйкес қабылданған. Ол кадрлық өзгерістердің себептері кейінірек қосымша түсіндіріледі деп отыр. Бірақ бұл жағдай "қосып тіркеу" мәселесімен байланысты емес екенін ерекше атап өтті.

Журналистер төрағаның жұмыстан кетуіне «Өз міндеттерін атқара алмағаны себеп болды ма және қор қазір қалай жұмыс істеп жатыр?» деген сұрақ қойды.

Қордың жұмысы жалғасып жатыр. Басты міндетіміз – қаржыландыруды дер кезінде қамтамасыз ету. Қазір бұл жұмыс “қолмен басқару” режимінде жүріп жатыр. Жұмыс тоқтаған жоқ, медициналық ұйымдарға төлем жасау мәселелерінің бәрі менің жеке бақылауымда. Бүгінгі күні кейбір медицина ұйымдары әлі де қазан айының ақшасын алмады. Сондықтан осы аптаның соңына дейін қазан айына қатысты барлық төлемді толық жабамыз, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр қаржыландыру бар болғанымен, қаражаттың медициналық ұйымдарға уақытында түспегенін атап өтті және бұл мәселе бойынша нақты тексерулер жүргізіліп жатқанын айтты.

Біз үшін ең маңыздысы – медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі және қаржыландырудың уақытында жетуі. Сол себепті мұндай шешім жалғыз акционер тарапынан қабылданды. Барлық заң талаптары мен рәсімдер толық сақталды, – деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: uaqyt_tv/instagram.com
Өзгелердің жаңалығы