МӘМС: Бала тууға қатысты тарифтер қымбаттады

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай халықтың міндетті медициналық сақтантыру қорына наразы екенін айтып, шағымын жеткізді.

Әсіресе облыс орталықтарындағы ауруханалар бюджеттің тапшылығын көріп миллиардтап қарызға батып жатқаны туралы біз әріптесімізбен осы жерде бірнеше рет мәселе көтердік. Науқастар сол баяғыша дәрігердің кезегін апталап күтеді. Мәселен, шұғыл ота дейміз, бір науқас жол апатынан бірнеше жарақат алуы мүмкін. Бірақ сақтандыру әлі күнге дейін бір сүйекке берешекті өтеу үшін ғана төлейді. Соның кесірінен кредиторлық берешекті өтеу үшін бірнеше рет жергілікті бюджет пайдаланып жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру қоры қосымша қаражат бөлгенімен жағдай қайта-қайта қайталанып жатқанын тағы да ескертемін. Күні кеше біз бірқатар аймақтда ауруханалар санаттары үшін сыйақы төлеуді тоқтатқаны туралы ақпарат алдық, - деді депутат.

Оның сөзінше, бірқатар стационардың еңбекақыға кететін шығыны аурухана бюджетінің 90 пайызын құрайды.

Мұның ішінде қордың тарифтік саясаты, қызметтерді есептеуді, төлеуді қолданатын тәсілдер, сызықтық дейміз, айыппұлдар тағысын тағы. Парламентке бізге қор, сондай-ақ медициналық қызметкерлерге ақы төлеу жүйесін түбегейлі реформалауға бірнеше рет уәде етілген еді. Сол уәде, сол реформа не болды? Неге нәтиже жоқ? – деп сұрады мәжілісмен.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттың сұрағына жауап беріп, бірқатар проблеманы атады.

Вице-премьердің айтуына қарағанда, кредиторлық қарызға қатысты мәселелер бар. Қазір Үкімет үш бағытта жұмыс істеп жатыр.

Біріншіден, қазір 48 медициналық мекеме келіп түскен есебінің барлығын қайтадан тексеріп жатыр. Расын айту керек, берілген есептерде үлкен айырмашылықтар бар. Екіншіден, тариф жөнінде. Бізде бір аурулар бойынша 2012 жылдан бастап, екінші бір аурулар бойынша 2015 жылдан бастап тарифтер көтерілмеген. Сондықтан 5 бағыттағы тарифтерді көтердік. 1 шілдеден бастап жаңа тарифтер бойынша төлене бастайды. Ол негізінен балалардың неврологиясы, балалардың ревматологиясы, босану мәселелеріне қатысты бағыттар. Одан кейінгі 10 бағыт кредиторлық қаражаттың негізі болып отырған кардиология, ортопедия, онкогематология бағыттары бойынша жұмыстарды қыркүйекке дейін бітірмекпіз. Ол осы тариф арқылы төленеді, - деп түсіндірді ол.

Тамара Дүйсенова тариф мәселесін қайта қарау қажеттігін ескертті.

Жалпы тариф мәселесі қайта қаралмаса, кредиторлық мәселелер шешілмейді. Негізінен тарифтік еңбекақыны көтергенімізде коммуналдық шығындар, дәрі-дәрмекке кететін қаражаттар қаралмай қалған. Соның бәрінің орнын толтыру мәселесін биыл аяқтаймыз, - деді Үкімет мүшесі жалпы отырыста.

Оның айтуынша, үшіншісі - цифрландыру мәселесі. Бұл бағыт бойынша жұмыс биыл толық аяқталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы