МӘМС: Аймағамбетов мұғалімдер мәселесі шешілетінін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдер МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлесе де, дәрігерге көрінерде проблемаларға тап болатынын айтқан болатын. Енді жақын арада бұл мәселе шешімін таппақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында айтты.
Бұл үлкен мәселе. Бізде мыңдаған мұғалім ай сайын МӘМС-ке жарнасын төлеп отырса да, еңбек демалысынан шыққанда оларға «Сіз МӘМС-те жоқсыз» дейді. Неге жоқ екенін сұраса, жарна төлемегенін айтады. Неге? Өйткені бізде кем дегенде 3 ай бойы жарна төлемесең, онда МӘМС жүйесінен шығып қалатын норма бар, - деді депутат.
Оның сөзінше, мұғалімдер еңбек демалысына кетерде есепші оларға бірден үш айдың жарнасын бір төлеммен аудара салады. Ал оны МӘМС-тің жүйесі танымайды.
Жүйе қаражаттың көп түскеніне қарамастан, автоматты түрде мұғалімдерді МӘМС-тен алып тастап жатыр. Сол себепті біз Денсаулық сақтау жүйесіне талап қойдық. Қазір ведомтсво осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жақын арада бұл мәселе толығымен шешімін табады, - деп түсіндірді депутат Асхат Аймағамбетов.
Аймағамбетов мұғалімдер МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлесе де, дәрігерге көрінерде проблемаларға тап болатынын өңірлерде жүргенінде көтерген болатын.