Әжелеріміз сүт безі рагымен ауырмаған - маммолог

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл ауру түрін дәрігерлер «қол астындағы дерт» деп атайды. Адамдар қолмен ұстап көріп, сезуге болатынын біле тұра мән бермейді, сөйтіп дәрігердің алдына ауруы асқынған күйде барады. Бүгінгі әңгіме – сүт безі рагы туралы. Медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі онколог, маммолог Темірхан Мұқажанов бұл дерттің пайда болу себептерін, алғашқы белгілері қандай болатынын және асқынған жағдайда қандай шаралар қолдануға тура келетінін айтты.


Қатерлі ісік «үнсіз» үлкейеді

BAQ.KZ: Өскеменде жекеменшік емхана ашуыңызға не түрткі болды?
Темірхан Мұқажанов: 1986 – 2002 жылдар аралығында ШҚО Онкологиялық диспансердің бас дәрігері қызметін атқардым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, 2003 жылы маммология емханасын аштым. Жалпы медицина саласында жүргеніме 47 жылға жуық уақыт болды. Бұл жерде диагноз қойып, емдейміз. Ота жасау қажет болса тиісті мамандарға жібереміз. Көбінесе скринингтен өткен адамдар диагнозы туралы толығырақ білу үшін келеді. Омырауда болатын ауру түрлері көп. Жылына 3000-дай УЗИ жасаймын. Айына сүт безі рагы дертіне шалдыққан 3-4 адам анықталады.

BAQ.KZ: Қандай белгілер болған кезде шұғыл түрде маммологқа бару керек?
Темірхан Мұқажанов: Әйел ай сайын өз омырауын ұстап көріп, диагностика жасай білуі керек. Егер омырау терісінде ішіне кіріп тұрған ойықтар пайда болса немесе бұртыйған түйнектер пайда болғанын байқаса – бірден дәрігерге қаралу керек. Мастопатия – гармондардың ұлғайып немесе азаюынан сүт безінің өзгеріске ұшырауы, сол себепті бұл дерт түріне шалдыққанда омырау ауырады. Ал омырауда қатерлі ісік пайда болған кезде ешқандай ауру белгілері болмайды. Қатерлі ісік «үнсіз» үлкейе береді. Егер қолыңызды жоғары- төмен қозғау қиындаса – ол метастаз жайылып кетуінің белгісі болуы мүмкін. Кейде омырау ұшынан папилломалар шығады. Оның қатерлі ісікке айналып кетуі өте жылдам. Оны цитология арқылы тексереміз. 35 жасқа дейін жылына бір рет, 35 жастан кейін алты айда бір рет маммологқа қаралып тұру керек.

Әжелеріміз сүт безі рагымен ауырмаған

BAQ.KZ: Сүт безі рагының пайда болу себептері қандай?
Темірхан Мұқажанов: Бұрын әжелерімізде сүт безі рагы, мастопатия дерті болмаған, себебі олар екі жылда бір рет рет сәби сүйіп, емізген. Аяқ ауыр болған кезде омырау ұлпалары жаңарып отырады. Жасуша жаңарып отырмаса – патологиялық жасушаларға айналып, ісік болып шығады. Еуропада қатерлі ісік дерті көп, себебі ол жақта ары кетсе 2 бала табады. Сүт безі рагының тағы бір пайда болу себебі – күйзеліс. Әр адамда рак жасушасы болуы мүмкін, оның оянуына жағдай жасамауымыз керек. Күйзеліс, қайғыға бату – қатерлі жасушаның «оянуына» себепші болуы мүмкін. Үшінші себеп – экология. Ауадағы азот, нитраттар ағзаға еніп, ісік болып шығады. Төртінші себеп – тұқым қуалау. Егер науқастың анасы жағынан сүт безі қатерлі ісігі болса, біз оларды қауіпті топқа жатқызып, жылына екі рет тексеруден өткізіп отырамыз.

Маммопластика – зиян емес

BAQ.KZ: Сүт безі рагы ерте анықталмаған жағдайд науқас қандай қауіпке басын тігеді?
Темірхан Мұқажанов: Бірінші, екінші сатыда омырауын сақтап қалатын ота жасалса, одан арғы сатыларда омырауын сақтап қалу қиын болады. Сүт безі рагы асқынып кеткен жағдайда омырауды кеуде бұлшықетімен қоса алып тастауға тура келеді. Одан кейін бірнеше рет химия терапия, сәулелік терапиядан өтіп, жылына бірнеше мәрте дәрігер тексеруінен өтіп тұрады. Ауру асқынып, метастаз өкпе, бауырға шапса – оны тоқтату қиын.

BAQ.KZ: Жазғы демалыстарда жағалауда күн астында қыздырынып жату қаншалықты зиян?
Темірхан Мұқажанов: Күн астында қыздырынып жатқанда кеудені ақ орамалмен жауып жүрген дұрыс. Кешкі төрттен кейін күнге қыздырыну аса зиян емес болып саналады. Ақ нәсілділер күнге күюден тері рагына шалдығуы мүмкін, себебі олардың ағзаларында күннен қорғайтын меланин пигменті аз болады.
BAQ.KZ: Маммопластика жасату қаншалықты зиян?
Темірхан Мұқажанов: Әр әйелдің талғамы әртүрлі болады. Біреуіне омырау пішіні ұнамаса, енді біреуі омырауының көлемін ұлғайтқысы келеді. Қазіргі кезде пластикалық оталар өте дамыған, дегенмен кез келген ота – тәуекел. Қарсы көрсетілім болмаса – маммопластика жасатудың зияны жоқ. Маммопластика жасататын адам алдымен маммологтан кеңес алып, тексерістен өтеді. Егер мамандар қарсы көрсетілім жоқ екенін айтса – жасата беруіне болады.

Ұйықтағанда қалай жату керек?

BAQ.KZ: Денсаулыққа зиян болмас үшін және омырау пішінің сақтап қалу үшін ұйықтағанда қандай қалыпта жатқан дұрыс?
Темірхан Мұқажанов: Бұрын ғалымдар оң жақ қырмен жату керек екенін айтса, қазіргі уақытта сол жақ қырмен жату дұрыс екені туралы тұжырым айтылып жүр. Шалқадан жату – зиян. Шалқадан жатқан адам қорылдайды, тіпті тілін жұтып қоюы мүмкін. Етбетімен жатуға болады. Көптеген әйел омырауының ауыратынын етбетімен жатқан кезде байқайды. Ал қандай қалыпта жатқаныңыз омырау пішінінің өзгеруіне еш әсер етпейді.

BAQ.KZ: Медицина саласында 47 жылға жуық жұмыс істедіңіз. Осы уақыт ішінде өзіңіз жасаған қандай ота есіңізде ерекше сақталып қалды?
Темірхан Мұқажанов: Осындай ота оңай немесе күрделі болды деп бөліп-жарып айта алмаймын. Ең алғаш жасаған ота есімде. Медициналық институттан кейін интернатурадан өтіп, Үлкен Нарын ауылына хирург болып бардым. Келген күні 76 жастағы апа мен 8 жастағы бала соқыршек болып түсті. Екеуіне де ота жасап, сәтті аяқталды. Бірде мотоциклден құлап, бас сүйегі сынған жігіттің басына ота жасадым. Миын орнына салып, тігіп қойдым. Денсаулық жағдайы қалай болар екен деп уайымдап жүрсем, ол ота жасаған күннің ертеңінде-ақ ауруханадан қашып кетіпті. Бозанбай ауылында хирург болған кезімде ГАЗ-50 көлігі артқа жылжыған кезде ойнап отырған 3 жастағы баланы басып кетті. Баланың көкбауыры жарылып, қабырғасы сынған. Оған да ота жасадым. Мұндай жағдайлар көп.

Жақсы дәрігер – көп, жарнамалайтын менеджер – жоқ

BAQ.KZ: Шығыс Қазақстан облысында қатерлі ісіктің қай түрі көп тараған?
Темірхан Мұқажанов: Ең көп тарағаны – тері рагы. Екінші орында өкпе рагы болса, үшінші орында сүт безі рагы.

BAQ.KZ: Қазақстандағы қазіргі медицина саласына қандай баға берер едіңіз?
Темірхан Мұқажанов: Қазақстанда науқастың ғұмыр жасын ұзартатын сәулелік терапия мен химиятерапия жақсы дамып келеді. Ауруханалар жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, жүрекке ота жасауда жақсы дамыған. Мысалы, өзім Өскеменде жүрегіме ота жасаттым. Атына заты сай, мықты дәрігерлер көп, тек сол дәрігерлердің еңбегін жарнамалайтын жақсы менеджерлер аз сияқты.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы