Маминнің БАӘ сапары: 2,2 млрд доллардың инвестициялық келісімдеріне қол қойылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Абу-Даби қаласына жұмыс сапары аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті және Премьер-министрі, Дубай әмірі Мұхаммед ибн Рашид әл Мактуммен және БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Тараптар осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын және сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, туризм, ғарыш, тау-кен металлургиясы, энергетика және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Үкімет басшысы БАӘ бизнес капитандарымен - «Mubadala» мемлекеттік холдингінің, «Aldar Properties», «ADQ», «Al Dahra Holding», «International Holdings Company» («Royal Group») компанияларының басшылығымен кездесті. Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ арасында құс фабрикалары мен сүт-тауар фермаларын салу, жемістер мен саңырауқұлақтарды өндіру және өңдеу, ТМК және геологиялық барлау салаларындағы ынтымақтастық, Екібастұз қаласының өнеркәсіптік аймағында Индустриялық парк құру, Шығыс Қазақстан облысында «Қатонқарағай» туристік кешенін құру, сондай-ақ Қазақстанда электромобильдер компоненттері өндірісін ашу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде 17 үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды.
БАӘ Қарағанды облысында сумен жабдықтау және су бұру бойынша жобаларды іске асыруға қатысады, бұл жобалар озық технологияларды беруді және кейіннен Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруді көздейді. АӨК жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстан мен БАӘ жалпы капиталы $100 млн болатын бірлескен қор құруға ниетті. АХҚО алаңында «E-Banking» саласындағы ынтымақтастық дамитын болады. Көрсетілген жобалар бойынша ҚР экономикасына инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $2,2 млрд құрайды.
Инвестициялық жобалар қосылған құны мен рентабельділігі жоғары, сондай-ақ ішкі және перспективалы сыртқы нарықтарда сұраныстың үлкен әлеуеті бар жаңа өндірістерді құруды көздейді. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, озық технологиялар мен іс-тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту аясында әмірліктің «Wizz Air Abu Dhabi» лоукостері биылғы мамыр айында «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша тұрақты жолаушылар әуе тасымалын бастайды.
А. Мамин БАӘ батырларының «Уахат әл-Карама» мемориалына гүл шоқтарын қойып, «Masdar City» эко-қаласының аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты және Мұхаммед бен Заид атындағы жасанды зерде университетіне барды. Дубай қаласында Үкімет басшысы Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) және «Дубай инвестициялық корпорациясының» басшылығымен келіссөз жүргізді, оның барысында ҚР мен БАӘ қаржы-инвестициялық ынтымақтастығын, оның ішінде АХҚО алаңында одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Жұмыс сапарына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, әділет министрі Марат Бекетаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ҚР іскер топтарының өкілдері және т. б. қатысты.