Мамин жыл соңына дейін Алматы метросының «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын аяқтауды тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында қалалық метрополитеннің даму барысын тексерді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Қазіргі таңда метрополитеннің бірінші желісінің жұмыс істеп тұрған 9 метро станциясына қосымша «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» станциялары салынып жатыр, бұл желінің жалпы ұзындығын 10,3 шақырымнан 15,9 шақырымға дейін, ал жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мыңнан 93 мың адамға дейін арттырады.
Осы жылдың соңына дейін «Сарыарқа» және «Достық» станцияларында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, техникалық іске қосу жоспарланған. 2022 жылдың I тоқсанының соңына дейін іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау және станцияларды пайдалануға беру көзделген. «Қалқаман» станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Үкімет басшысы Алматы метрополитенінің бірінші желісінің II кезегін дамыту бойынша жоспарланған барлық жұмыстардың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.