Мамин тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесін назарда ұстауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс орындарын құруға қатысты тапсырма берді.

Үкімет басшысының айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша өзінің жоғары тиімділігін көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. Биылғы жылы жол картаның орындалуы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлік пен аграрлық секторды дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылады, - деп айтты Мамин.

Атап айтқанда, өңірлерде жолдарды, медицина және білім беру ұйымдарын салу мен жөндеуге бағытталған 127,5 млрд теңгені құрайтынЙ инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын болады.

«Атамекен» палатасы мен әкімдіктер қатысатын микроқаржы ұйымдары арқылы 22,5 млрд теңге көлемінде бизнес жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға 50 млрд теңге бағытталады. Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі арқылы 100 млрд теңге жіберу жоспарланып отыр, - деп толықтырды Премьер-министр.

Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға ағымдағы жылы 300 млрд.теңге бөлінді. Сондай-ақ 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланған.

Еңбек және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңірлер әкімдері, «Бәйтерек» холдингі Атамекен палатасымен бірлесіп, Жұмыспен қамтудың жол картасының барлық бағыттарын сапалы іске асыруды және уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы және Еңбек министрліктері ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру бойынша іс-шаралардың тиімділігін бағалау жөніндегі өлшемшарттарды әзірлесін, - деп тапсырма берді Мамин.

Ол тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесін ерекше бақылауда ұстау керегін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы