Мамин бір айда сумен жабдықтау бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин тиісті министрліктерге алдағы бір айдың ішінде елді мекендерді 100 пайыз деңгейде сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Елбасының  халықтың тұрмыс сапасын жақсарту тапсырмасын орындау аясында елді мекендерді сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша нақты шараларды іске асыру, осы бағыттағы  жұмыстарды күшейту керек. Бүгін біз министрлер мен әкімдердің баяндамаларын тыңдадық. Баяндамаларда аталып өткен шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде 2023 жылдың аяғына қарай халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін 100 пайыз шешуге мүмкіндік жасалады», - Асқар Мамин.

 Үкімет басшысы осы ретте ауылдарды ауызсумен қамту деңгейі жоғары өңірлердің жұмысын атап өтті. 

«Алматы облысы тұрғындарының - 89,5 пайызы, Қызылорда облысы  тұрғындарының 83,2 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдіктерінің жұмысы тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Бұл өңірлердің әкімдері халықты сумен жабдықтау мәселесіне баса назар аударып, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі керек. Жалпы келесі мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден,  ауылдық топтық су таратқыштарға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында осы функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөніндегі ұсынысты, жалпы, қолдаймын. Бір айдың ішінде ауылдық топтық су таратқыштарды беру мәселелерін пысықтап, заңнамалық және заңнамалық-құқықтық актілерге тиісті өзгертулер әзірлеу қажет. Екіншіден, 2023 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен ауылдарды ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында әкімдерге  мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Яғни, өңірлік жоспарларға түзетулерді шұғыл түрде енгізу, барлық нысандардың құрылысын және пайдалануға берудің белгіленген мерзімдеріне сәйкес қамтамасыз ету қажет»,-  деді премьер-министр.

Ол сондай-ақ қалаларда кәріздік тазалау құрылыстарын салу және жаңғырту  тағы бір маңызды міндет болып саналатынын айтьы. Бұл міндетті шешу тәсілдері айқындалған. 

«Олардың бірі тазарту құрылыстарын салу жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.  Қаржыландыруға да қатысты тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен жұмыс жүргізілуде және басқа да бірқатар халықаралық қаржы институты осындай жобаларды  қаржыландыруға қызығушылық білдіруде.  Индустрия, Ұлттық экономика министрліктеріне, әкімдіктерге халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында халықаралық тәжірибені ескеріп, қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы. 

Асқар Мамин ауыл шаруашылығы және индустрия министрліктеріне өңірлермен  және басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде елді мекендерді 100 пайыз деңгейде сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы