Мамин студенттер жатақханасын салуда артта қалып отырған өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет мүшелерінің Елбасының студенттерді жатақхана орындарымен қамту тапсырмасын орындау барысына баға берді. 

Премьер бүгінгі Үкімет отырысында оң тәжірибесі бар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы басшыларының баяндамаларын тыңдағанын, басқа да өңірлер осы тәжірибені пайдалануы қажет екенін айтты. Алайда, осы бағытта нашар жұмыстар жүргізіп отырған өңірлердің барын жасырмады.

«Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан, Ақтөбе облыстарында осы бағытта жұмыс нашар жүргізілген. Бұл өңірлерде осы бағытта тиісті жұмысты ұйымдастыру қажет. Министр баяндамасында негізінен жеке меншік оқу орындары жұмысты бастап кеткенін айтты. Олардың жобаларының құны нақты, ал мемлекеттік оқу орындары жобаларының құны айтарлықтай жоғары. Сондықтан инвесторлар үшін, олардың тартымдылығы үшін төмен», - деп айтты ол.

Мамин жатақхана құрылысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейтінін ескертті. 

«Қолдарыңызда қажет құралдар бар. Соны негізге алып жұмыс жасау керек. Жалпы БҒМ ұсыныстарын қолдаймын», - деді Премьер.

Еске сала кетсек, ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова биыл 9 мың орынды жатақхана тапсырылатынын мәлімдеді. Соның ішінде 100 мың студенті бар Шымкент қаласында 1850 орындық жатақхана пайдалануға берілмек.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы