Мамин Шымкент пен Түркістанды дамыту жобаларын тексерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шымкент пен Түркістан қалаларының көлік және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.Шымкентте Үкімет басшысына биылғы желтоқсанға дейін салу көзделген, өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылыс барысы туралы баяндалды.
Премьер-министр Түркістанда жаңа халықаралық әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының құрылыс қарқынымен танысты. Нысан облыс орталығынан 16 шақырым жерде орналасқан және биылғы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды деп көзделген.
Асқар Мамин Конгресс-холлдың, 7 мың орынға шақталған стадионның, Оқушылар сарайының, бассейні бар спорт кешенінің, аттракциондары бар қала саябағының, драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, "Ұлы дала елі" орталығының, Қ. А. Яссауи музейінің және Тұңғыш Президент саябағының құрылыс алаңдарында болып, Ұлы Жібек жолы қолөнершілерінің ұлттық орталығының ғимаратын реконструкциялау барысын тексерді, - делінген хабарламада.
Үкімет басшысы әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын Rixos Turkestan және Hampton by Hilton қонақ үйлерінің, сондай-ақ Sembol construction түрік компаниясы салып жатқан "Керуен сарай" көпфункционалды туристік кешенінің құрылысы барысымен танысты. Аталған барлық қонақ үй-туристік нысандарын осы жылы пайдалануға беру жоспарда бар.
Премьер-министрге "Әзірет Сұлтан" музей-қорығын абаттандыру жоспары таныстырылды.