Мамин Швейцарияның президентімен келіссөздер өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанға ресми сапармен келген Швейцария Конфедерациясының президенті - қаржы департаментінің министрі Ули Маурермен келіссөздер өткізді. Бұл туралы премьер-министдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Швейцариямен бізді тұрақты әріптестік қарым-қатынастар байланыстырады. Мұндай өзара қарым-қатынастардың негізін Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді, - деді Асқар Мамин.

Швейцария Қазақстанның аса ірі сауда серіктестерінің ондығына және негізгі инвесторларының үштігіне кіреді. 2018 жылы тауар айналымы $3,1 млрд, ал биыл 9 айда $1,9 млрд құрады, осы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілетін қызметтер саудасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артты. 

2005 жылдан бері Швейцария Қазақстан экономикасына $24 млрд-тан астам қаржы инвестициялады. Қазақстанда швейцариялық капиталдың қатысуымен 324 компания тіркелген, оның ішінде "Glencore International AG", "Philip Morris", "Nestle", "Ammann Asphalt GmbH" және т. б. бар. Швейцария бизнесі ауыл шаруашылығында, көлік және қаржы секторларында, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібінде, көтерме-бөлшек саудада және тағы басқа қамтылған.


Экономикалық серіктестікті нығайтуға Қазақстан - Швейцария Іскерлік кеңесі және сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысы ықпалын тигізеді. 

Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты форматта да, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры аясында да дамып жатыр. Біз экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз, - деді Ули Маурер.   
Швейцариялық тарап Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалдың және бизнесті дамыту үшін жағдайлардың бар екенін атап өтті, бұған Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингіндегі Қазақстанның позициялары дәлел бола алады. 

Швейцария Конфедерациясының президенті Ули Маурердің Қазақстанға ресми сапарының аясында Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевпен және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер, сондай-ақ, екі елдің іскерлік орталарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы