Мамин Қызылорданың даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қызылорда облысының даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуның өзекті мәселелерін шешу үшін ұсыныстар әзірлеу бойынша орталық мемлекеттік органдар мен Қызылорда облысының әкімдігі атқарған жұмыстар туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшылары түсінік берді, - делінген хабарламада.
Қызылорда облысын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобы 100 млрд теңгеге 79 жобаға қолдау білдірді. Биыл өңірде 15,6 млрд теңгеге 42 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Жобалар тізімі Қызылорда су торабын қайта жөндеуді бастауды, Қызылорда, Арал қалаларындағы және Тереңөзек кентіндегі сумен және электрмен жабдықтау жүйелерін дамытуды, "БЖК – 2025" аясында жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беруді және шағын несиелендіруді арттыруды, Қызылорда қаласындағы жаңа магистралды көшенің құрылысын жалғастыруды қамтиды.
Білім және ғылым министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету аясында Үкімет резерві есебінен облыстың 34,7 мың оқушысы үшін компьютерлік техника (компьютерлер, ноутбуктер, планшеттер және модемдер) сатып алуды көздеп отыр.
2021 жылы 32 жобаны іске асыруды бастау жоспарланып отыр, оның ішінде Ақбасты, Тоқабай, Абай, Төретам, Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекендерін және Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау жүйелерін дамыту, Көкарал бөгетін, Күміскеткен және Қараөзек су қоймаларын жаңғырту, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жетілдіру, Жалағаш кентінде газ құбырын және орамішілік газ желілерін салу, тұрғын үй және тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, соның ішінде Байқоңыр қаласында бес 50 пәтерлі тұрғын үй салу және т. б.
Аталған шаралар өңірді одан әрі дамыту үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді деп күтілуде, оның ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі және жаңа жұмыс орындарын құру.