Мамин президенттің сайлауалды қағидаттарын іске асыру үшін мемлекеттік органдарға тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асырудың нақты іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы талқыланды. 

Жиын барысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың нақты іс-қимыл жоспарын қабылдағанын айта келе ондағы міндеттемелерді орындауға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

«Іс-қимыл жоспары үш қағидатқа негізделген. Олар сабақтастық, әділдік және прогресс. Бірінші сабақтастық қағидаты аясында Үкіметтің жұмысы Елбасы бағытының жаңа кезеңін тиімді жалғастыруға бағытталады. Екінші, әділдік қағидаты сот жүйесін жетілдіруге, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, сыбайлас жемқорлықты барлық деңгейде жоюға бағытталған. Үшінші прогресс қағидаты аясында халықтың әл-ауқатын арттыру. Ауылдарды дамыту, бизнесті қолдау, қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары жоспарланған. Сонымен қатар, ел дамуындағы жастардың рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінді»,- деді ол жиында. 

Сонымен қатар, ол іс-қимыл жоспарында ең өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу жөнінде шаралар дайындалғанын атап өтті. 

«Енді оларды халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, іске асыру қажет. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру біздің басты міндетіміз екенін тағы да баса айтқым келеді. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері мүлтіксіз әрі толық көлемде орындалуға тиіс. Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының қағидаттарын тиімді іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті іс-шаралар әзірлеп, орындауды тапсырамын. Олар нақты нәтижеге әкелетін шаралар болу қажет. Менің орынбасарым өз бағыттары бойынша іс-қимыл жоспарын орындауын үлестіруді қамтамасыз етуді іске асырсын. Бақылауды өзіме қалдырамын»,- деді А. Мамин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы