Мамин назар аудару қажет мәселелерді атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің онлайн отырысында Премьер-министр Асқар Мамин қандай мәселелерге назар аудару қажет екенін айтты.
Үкімет басшысы бизнесті қолдау үшін өткен жылы 700 мыңнан аса заңды тұлға мен жеке кәсіпкерлерге ауқымды салықтық ынталандыру шаралары көрсетілгенін айтты.
Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасып жатыр және арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды. Бұл шаралар кәсіпкерлердің 3 жылда шамамен 400 млрд теңгені өз бизнесін кеңейту мен дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылғы 1 қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын, жаңа арнайы салық режимі – бөлшек салық енгізілді, - деп айтты Мамин.
Премьер-министр айтқандай, салық мөлшерлемесі табыстың 3 пайызы мөлшерінде белгіленді.
Үкімет бұл режим қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесін анықтады. Тізбеге пандемия кезінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызметтер енгізілді. Бұл режим шағын және орта бизнес субъектілерінің салық жүктемесін азайту және салықтар мен төлемдерді бюджетке төлеу тәртібін оңтайландыру мақсатында дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген, - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін биылдан бастап мүлік және жер салықтары бір төлемге біріктірілді, көппәтерлі үйлердің иелеріне жер салығы салынбайды.
Сондай-ақ, Мамин Үкімет отырысында бірқатар мәселеге назар аудару қажет екенін жеткізді.
Ең алдымен, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық тәсілдерге сүйеніп, салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету мен жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Қаржы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, блокчейн және үлкен деректер сияқты заманауи әдістерді пайдаланып, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен интеграциялау бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.
Салық төлеушілер мен бизнеске ыңғайлы болуы үшін әзірленген тегін «Е-Salyq Azamat» және «E-Salyq Business» мобильді қосымшаларын белсенді дамыту қажет.
Асқар Мамин декларациялау және көршілес елдер арасында кедендік статистикадағы алшақтық мәселесі әлі де шешілмегеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін шекарада заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бойынша тәсілдерді әзірлеп, Үкіметке енгізсін, - деп тапсырма берді ол.
Сонымен бірге, Маминнің сөзінше, реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында жаңа жағдайда шағын және орта бизнесті қосымша қолдау шаралары таныстырылды.
Ұсынылған өзгерістер 500 мыңдай жалдамалы жұмыскерді ресми жұмыспен қамтуға, еңбекақы төлеу қорының жүктемесін азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, - деп жеткізді Үкімет басшысы.
Осы орайда Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, салық заңнамасына енгізілетін қажетті түзетулерді биылдан қалмай іске асыру үшін осы жылғы 1 наурызға дейін әзірлеуді тапсырды.