Мамин Қазақстанда алғаш рет шығарылған «Кировец» тракторын сынап көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына бақылау орнату аясында өңірге жұмыс сапарымен барды.
Үкімет басшысы Қостанайдың Индустриялық аймағына барды, онда Қостанай трактор зауыты базасында «Кировец» қуаттылығы жоғары тракторын шығаратын зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы — 2025 жылға қарай жергіліктендіруді біртіндеп 50%-ға дейін арттырған жағдайда жылына 700 бірлік техникаға дейін жетеді (интерьер/экстерьердің пластиктен жасалған элементтерін дайындау, 2021 жылдан бастап – жоғары қысым, балласт жүктерінің түтіктерін, 2025 жылдан бастап – кабиналар, бактар, көтергіш жақтаулар, дискілер, кардан білігін, теңдестіргіш дайындау және т. б.). Үш кезеңде іске асырылатын жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7,3 млрд теңгені құрайды, өндірісте 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын және іргелес салаларда 700 жұмыс орнын құру көзделген.
Премьер-Министрдің қатысуымен «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры С. Серебряков және Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті С. Лаврентьев «ПТЗ» АҚ-ның Қостанай трактор зауытының жарғылық капиталына кіруі туралы келісімге қол қойды.
Үкімет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасының нарығын кеңейтуге, оны одан әрі экспорттауға, жергіліктендіру процестерін тереңдетуге және сервис деңгейін арттыруға мүдделі екенін атап өтті.«Қазақстан алдына ауыл шаруашылығы техникалары мен оның құрауыштарының жоғары технологиялық өндірістерін құру міндетін қояды. Бүгін біз аты аңызға айналған “Кировец” тракторының өндірісін іске қосамыз. Жаңа зауыт Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын елімізде құрастырылған “Кировец” сапалы әрі сенімді техникасымен қамтамасыз етеді», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстанда алғаш рет шығарылған «Кировец» тракторын өзі сынақтан өткізді.«Қазақстанда “Кировец” энергия тиімді тракторларының заманауи өндірісін ашу отандық машина жасау саласын дамыту стратегиясына сәйкес келеді. Аталған жобаны бастау өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға, ауыл шаруашылығы мен ТКШ саласына тракторларды шығаруға, жергіліктендіруді ұлғайтуға және өнеркәсіптің іргелес салаларын дамытуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.
Қазақстанда «ПТЗ» АҚ өнімдері кеңінен таралған. Мәселен, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық «Кировец» тракторы өткізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ҚР-дағы тракторларға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 1600 тракторды құрайды.
Бұған қоса, Премьер-Министр жұмыс сапары аясында өңірдегі құрылыс және тоқыма саласындағы ірі кәсіпорындар — «Қостанай-МБИ» ЖШС үй құрылысы комбинаты мен «Большевичка» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 862,8 млрд теңгені құрады (нақты көлем индексі – 115,1%). Тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі – 373,4 млрд теңгені (НКИ – 107,8%). Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 23,8%-ға ұлғайып, 446,6 млрд теңгені құрады. Өсім машина жасау саласындағы көлемнің 95,9%-ға (өңдеудегі үлесі – 36,4%), металлургиядағы көлемнің 28,3%-ға (өңдеудегі үлесі – 21,6%), сондай-ақ, машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдары мен жеңіл өнеркәсіп көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.