Мамин: Қазіргі кездегі басты міндет – жаппай вакциналауды өткізу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, вакцина өндіру жөніндегі жұмыс туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, карантиндік шаралардың сақталуын бақылау туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.

ҚР-дағы қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі - республика «жоғары қауіптілік аймағына» кірді, 8 өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Күн сайын 1,5 мыңға жуық жаңа сырқаттану жағдайы тіркеледі, репродуктивтік көрсеткіші – 1,14. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі – 31%, реанимациялық – 20%.

QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%). «Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықты «Спутник V-мен» жаппай вакциналау 1 ақпанда басталады.

Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты базасында QazCovid-in вакцинасының тәжірибелік партиясын және «Антиген» ҒӨК» ЖШС өндірістік алаңында тәжірибелік-өнеркәсіптік партияны шығаруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-министр әкімдіктерге вакцинаны сақтау үшін қажетті жабдықтарды сатып алуды аяқтап, егу пункттерінің толық дайындығын биылғы 1 ақпанға дейін қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын қамтамасыз ету, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, вакциналау мәселелеріне қатысты арандату және жалған ақпарат тарату фактілерін уақытылы тоқтату тапсырылды.

Үкімет басшысы эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлердің қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше бақылау жасау қажеттігін атап өтті.

Вакцина өндірісін қамтамасыз ету және халықты жаппай вакциналауды өткізу денсаулық сақтау саласындағы Үкіметтің бүгінгі күнгі негізгі міндеті, - деді Асқар Мамин.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы