#Тәуелсіздік30. Мамин еліміздің 30 жылдағы жетістіктері жайлы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін атады.
1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз Тәуелсіздік алды. Тарихи тұрғыдан аз уақыт аралығында маңызды істер атқарылды. Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған стратегиялық бағдар мемлекеттіміздің қалыптасу барысындағы барлық сын-қатерді батыл еңсеруге мүмкіндік беріп, еліміздің қарқынды дамуының кепіліне айналды, - деді ол.
Қазақстанда 30 жылда не өзгерді?
Мамин айтып өткендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндірістер тоқтап тұрды.
Одан бөлек, саудадағы байланыстардың үзіліп, жаппай жұмыссыздықтың болғаны, сондай-ақ, жылумен және электрмен жабдықтау тұрақсыз, ал негізгі азық-түліктің жетіспегені қазір аға буын өкілдерінің ғана есінде. Осындай күрделі кезеңнен абыроймен өтіп, Қазақстанның табысқа жетуі - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елді дамыту жолын дәл таңдауының арқасында болып отыр, - деп айтты Премьер-министр.
Асқар Мамин бүгінгі таңдағы ел дамуындағы ең маңызды кезеңдерге тоқталып өтті.
1991 жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы ұзақ күткен тарихи шешім қабылданды. Қазақстан әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысына айналды. 1992 жылғы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болды. 1993 жылғы қарашада еліміздің өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Дәл сол жылы «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында шамамен 12 мың жастар шетелді білім алып, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатыр. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. 1997 жылы «Қазақстан-2030» даму стратегиясы қабылданды, ол Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективадағы нақты даму бағдарын айқындады, - деп айтты ол кеңейтілген отырыста.
Маминнің сөзінше, Елбасының елорданы көшіру туралы тарихи және стратегиялық шешімі бүкіл елдің дамуына мықты әсер етті.
Тағы бір маңызды қадам 2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы болды, бұл резерв жинақтап, елдің сыртқы тәуекелдерге қарсы тұруға мүмкіндік берді. 2005 жылы Мемлекеттік шекараның заң жүзінде рәсімдеудің толық аяқталуы айтулы оқиға болды. 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясының қабылдануымен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы асқақ мақсат межеленді. Елбасының интеграциялық процестерді дамыту туралы бастамасы іске асып, 2014 жылғы мамырда Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. 2015 жылы Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді, - деді Мамин.
Табыстар мен жеңістер
Үкімет басшысы баяндағандай, әлемдік экономикаға интеграцияның маңызды кезеңі - Қазақстанның сол жылы қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі болды. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген нәтижелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының елеулі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
30 жылдың ішінде жалпы ішкі өнім 17 есе өсті. Сыртқы сауда айналым көлемі 100 млрд долларға дейін өсті. Жалпы елдің халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға дейін өсті. Елге 400 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.
Қазақстан Тәуелсіздің мемлекеттер достастығы елдері арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірінші орында.
Жеке бастамаларды қолдау мен дамыту 2021 жылы экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін жалпы ішкі өнімнің 33%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл сектордағы жұмыспен қамту 3,4 млн адамға дейін ұлғайды, - дейді Мамин.
Сонымен қатар Премьер-министр айтып өткендей, өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында 500-ден астам жаңа өнім түрін шығару жолға қойылды.
Елімізде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу бойынша жоблардың жүзеге асу қарқыны жоғары.
Тәуелсіздік жылдары еліміз орнықты саяси институттары мен бәсекеге қабілетті қуатты экономикасы бар демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Сонымен қатар ішкі саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті. Орталық Азия аймағының экономикалық көшбасшысы ретінде қалыптасты, - деп атап өтті Асқар Мамин.
Үкімет басшысы атағандай, Қазақстан - халықаралық аренада көпвекторлы және теңдестірілген сыртқы саяси бағыты бар беделді және тұрақты мемлекет ретінде нығайды.
2019 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биіліктің сабақтастығы туралы стратегиялық шешім қабылдады. Бұл шешім ел дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалады. Қазақстан Республикасының Президент сайлауы сәтті өтті. Халық сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жоғары сенім білдіріп, қолдау көрсетіп, өз дауыстарын берді. Өткен 30 жылдағы еліміздің барлық табыстар мен жеңістері – Елбасының халықтың әл-ауқатын және көпұлтты егемен Қазақстанның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты бағдарының нәтижесі! Біз Елбасы қойған мақсаттарға жетуге және Партия бағдарламасын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді саламыз, - деп толықтырды Премьер-министр Асқар Мамин.
Бұған дейін Маминнің Назарбаевқа есеп бергені жайлы хабарлаған болатынбыз.