Мамин өңір активіне Атырау облысының жаңа әкімін таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың М. Досмұхамбетовты өңір әкімі лауазымына ұсынған кандидатурасына қолдау білдірген Атырау облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.

Бұл туралы Атырау облысы әкімдігі Facebook-тегі парақшасында жариялады. 

Жазбада Атырау облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, премьер-министр оның үлкен өндірістік тәжірибесі мен біліктілігінің мол екенін атап өткен. 

Жаңа әкімнің алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша маңызды міндеттер қойылды. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырау облысының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр, Махамбет Жолдасқалиұлының зор сенімді ақтайтынына сенемін, - деді Мамин. 

Премьер-министр бұрынғы әкім Нұрлан Ноғаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі.

Махамбет Досмұхамбетов 1960 жылы 25 желтоқсанда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) дүниеге келген. И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын «Геология және мұнай, газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша және Қазақ мемлекеттік заң университетін "іскерлік әкімшілендіру магистрі" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы "Ембімұнай" бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған.

Түрлі жылдары "Ембімұнай" ӨБ, "Мұнай" БК, "Ембімұнайгаз" геологы, "Қазақойл" ҰМК ЖАҚ геология департаментінің директоры болып жұмыс істеді, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ, "ҚазГерМұнай" БК, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ геология департаменттерін басқарды. 2013 жылдың қыркүйек айынан 2015 жылдың қаңтар айы аралығында "Ембімұнайгаз" АҚ бас директоры, басқарма төрағасы қызметін атқарды, 2015 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың қараша айы аралығында – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары.

2016 жылдың қараша айынан бастап осы уақытқа дейін ҚР энергетика министрлігінің бірінші орынбасары лауазымында болды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы