Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осы жылдың 4 айында тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 32,3% деңгейінде өсім көрсеткенін айтты.
Министр ҚР экономикасының қалпына келу траекториясына шығуы аясында осы жылдың 4 айының нәтижелері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқыны өңдеу өнеркәсібінде (112,8%), ауыл шаруашылығында (66,1%) және құрылыста (72,4%) байқалғанын атап өтті. Ұлттық экономиканы қалпына келтірудің маңызды факторларының бірі қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштер болды.
Биылғы қаңтар-сәуір айларының нәтижелері бойынша соңғы 12 айда алғаш рет көрсетілетін қызметтер секторындағы өсу қарқыны оң динамика көрсетті. Көрсетілген динамика аясында негізгі капиталға салынған инвестициялар ағынының жоғары қарқыны сауда (28,3%), көлік және қоймалау (27,6%), қаржы және сақтандыру қызметі (28,6%), жылжымайтын мүлік операциялары (27,5%), білім беру (10,3%), өнер, ойын-сауық және демалыс (30,9%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (61,2%) секілді салаларда байқалды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша оң өсім қарқынына 15 өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көш бастап тұрған өңірлер — Алматы қаласы (+47,9%) және Нұр-Сұлтан қаласы (+31,7%), Түркістан (+42,6%), Жамбыл (+30,4%), Қарағанды (+22,9%), Солтүстік Қазақстан (+16,7%) Қостанай (+11,6%) және Қызылорда (+6,1%) облыстары. Батыс Қазақстан (-40,2%) және Атырау (-37,8%) облыстарында артта қалушылық байқалады.
Әлемдегі капитал нарығының қалпына келу серпінін және ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығының өсуін ескере отырып, биыл тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының 11% деңгейінде — $19 млрд дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Отырыста «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық жобаларының пулы қаралды.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев 31.12.2020 жылғы жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық портфелі серіктестердің үлестерін ескере отырып, құны 73 трлн теңге болатын 203 жобадан тұратынын атап өтті. Қазіргі таңда мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында Атырау қаласында полипропилен өндіру жөніндегі интеграцияланған газ-химия кешенінің, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының, «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымы объектілерінің құрылысы, Екібастұз ГРЭС-1-нің 1-блогын қалпына келтіру, «Богатырь» разрезінде көмір өндіру, тасымалдау, орташалау және тиеу технологиясын жаңғырту, Шелек дәлізінде ЖЭС салу тәрізді ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. 2021-2026 жылдар кезеңінде Қор Маңғыстау облысының магистралдық газ құбырларын жаңғырту, Алматы энергия кешенін газдандыру, Екібастұз ГРЭС-2 кеңе йту және қайта жөндеу, ЖЭК саласындағы жобалар және т. б. бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді.
Ұлттық экономиканың құрылыс материалдарындағы өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар аясында санфаянс, жылылағыш, қыш тақтайша, еден жабындары және т. б. өндіретін зауыттар салу сияқты инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру және инвестиция тарту көлемін одан әрі арттыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет. «Самұрық-Қазына» қоры энергетика, мұнай-газ химиясы, көлік және логистика және басқа да стратегиялық салалардағы ірі жобаларға инвестиция салуға назар аударуы тиіс, бұл экономиканың дамуына мультипликативті әсерін тигізеді, — деді А. Мамин.
Отырыста жергілікті атқарушы органдар үшін 2021-2025 жылдарға арналған тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі нысаналы индикаторлар бекітілді.