Мамин Финляндияның сыртқы сауда министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрі Асқар Мамин Финляндия Республикасының сыртқы сауда және халықаралық дамуға жәрдемдесу министрі, Парламент депутаты Вилле Скиннаримен кездесу өткізді. 

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, жасыл экономиканы дамыту және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. 

Соңғы 15 жыл ішінде Финляндия Қазақстан экономикасына $366 млн инвестиция салды. Осы жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда $111,2 млн құрап, 3,4 есе өсті. 

Үкімет басшысы екіжақты сауда көлемін одан әрі арттыру және цифрлық технологиялар, АӨК, қалдықтарды қайта өңдеу және жасыл экономиканы дамыту салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға үлкен әлеуеттің бар екенін атап өтті. 

2020 жылы пандемияға қарамастан, «Финляндия – Қытай» қатынасы бойынша Қазақстан аумағы арқылы транзитпен контейнерлердегі жүктерді теміржолмен тасымалдау көлемі 5,2 мың ЖФЭ жетті, бұл 2019 жылғы көрсеткішке қарағанда 11%-ға артық. Осы жылдың I тоқсанында бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 738 ЖФЭ құрады. 

Кездесуге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, сондай-ақ ҚР-ның Финляндиядағы елшісі Жанна Сартбаева қатысты. 

В. Скиннаридің Қазақстанға сапары аясында сауда, қаржы, энергетика, көлік, АӨК, білім беру, денсаулық сақтау, орман және су ресурстарын ұтымды пайдалану секілді салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейтін Қазақстан-Финляндия Үкіметаралық комиссиясының 11-отырысының хаттамасына қол қойылды.

Бұған қоса ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «KaukoInternational Oy Ltd» компаниясы және Қазақ-фин технологиялық орталығы арасында экология, орман және балық шаруашылығы, қалдықтарды қайта өңдеу және су ресурстарын басқару салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту және дамытуды көздейтін Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы