Мамин Еуразиялық даму банкі Кеңесінің төрағасы болып сайланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуразиялық даму банкінің Кеңесі ҚР премьер-министрі Асқар Маминді Кеңестің төрағасы ретінде сайлады. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.
Отырыс жұмысына ЕАДБ Кеңесінің мүшелері: Ресей Федерациясының Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары – РФ қаржы министрі А. Силуанов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов, Армения Республикасының вице-премьері М. Григорян, Беларусь Республикасының қаржы министрі М. Ермолович, Қырғыз Республикасының қаржы министрі Б. Жеенбаева, Тәжікстан Республикасының қаржы министрі Ф. Каххорзода қатысты.
Отырыс барысында банктің 2018 жылдағы жұмысының қорытындысы шығарылды, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық қызметті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған интеграциялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Бүгінде банк қоржыны $3,5 млрд сомасына 85 жобадан тұрады. Барлық жобалардың 40%-ға жуығы Қазақстан аумағында іске асырылып жатыр. 2018 жылы ЕАДБ $1,4 млрд сомасына 29 жаңа жобаны мақұлдады, соның ішінде Павлодар облысында 197 млн евро сомасына «Богатырь Көмір» ЖШС өндірістік процестерін жаңғырту, Алматы облысында 32 млрд теңгеге «Нұр Жолы» автокөлік өткізу пунктінің құрылысы, Түркістан облысында 22 млрд теңгеге су электр станциясын салу жобалары бар. 2019 жылы Ерейментау қаласының ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы қаржыландырылады.
Банктің табысты жұмысының нәтижелері бойынша биыл наурыз айында Standard&Poor's халықаралық агенттігі «BBB» деңгейіне дейін Еуразиялық даму банкінің несие рейтингін арттырды.
Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин ЕАДБ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын дамытуға және бірлескен жобаларды қаржыландыруға өз үлесін қосатынын атап өтті.
«Ортақ міндет – біздің интеграциялық инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру», - деді Асқар Мамин.